6.08.2026, 16:17
Оқылды: 15

Құқықтық сауат-уақыт талабы

«Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» - бұл жай ғана жоба емес, елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың мемлекет ісірне араласуын күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде заңды білу ғана жеткіліксіз. Әр азамат өз құқығын қорғай алуы, қоғамдық бақылау жүргізудің тетіктерін меңгеруі және мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білуі қажет.

құқықтық сауат фото 1

Осы мақсатта жуырда аудандық орталықтандырылған кітапханада «Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау» тақырыбында оқу-дәрісі өтті. Дәрісті заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Заки жүргізіп, қатысушыларға мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын бақылаудың құқықтық негіздері мен қоғамдық бақылаудың маңызы туралы жан-жақты түсіндірді.

Тренингке кітапханашылар, жастар, мекеме ұжымдары белсенді азаматтар қатысты. Бұл олардың қоғам өміріне бейжай қарамайтынын, құқықтық сауаттылығын арттыруға және әділ қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосуға дайын екенін көрсетті. Мұндай кездесулер тұрғындардың заңды тереңірек түсінуіне ғана емес, туған ауылдары мен өңірінің дамуына жауапкершілікпен қарауына да ықпал етеді. «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы 2025 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты-ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылау жасауға үйрету, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және олардың мемлекет ісіне белсенді қатысуына ықпал ету. Өйткені демократиялық қоғамда әрбір азаматтың пікірі маңызды, ал қоғамдық бақылау ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін тиімді құралдардың бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік басқаруда жаңа мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Бұл қағидат халықтың үнін еститін, азаматтардың ұсынысы мен сынын назарға алатын мемлекет құруға бағытталған. Осындай ұстаным аясында сын айтып қана қоймай, нақты ұсыныс білдіретін, заң талаптарын білетін әрі қоғамдық бақылауға белсенді араласатын азаматтық қоғам қалыптастыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

құқықтық сауат фото 4

Жоба аясында өткен жылы жергілікті әкімдіктердің қолдауымен Жаңақала, Казталов, Жымпиты, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында, сондай-ақ Ақсай қаласы мен Орал шаһарында арнайы оқу-тренингтері өткізілді. Нәтижесінде 119 адам оқудан өтті. Оның ішінде 66 әйел мен 53 ер азамат бар. «Әсіресе ауылдық жерлерде қоғамдық белсенділердің аздығы немесе мүлде болмауы тұрғындардың көптеген мәселелерінің шешілмей қалуына әсер етеді. Соған қарамастан ауыл тұрғындарының осындай оқу-дәрістерге үлкен қызығушылық танытуы қуантады. Олар өз ауылдарының тағдырына бейжай қарамайды. Кездесулер барысында ауылдарға кіреберіс жолдардың жоқтығы, көшелер мен тротуарлардың асфальтталмауы, ауыз су тапшылығы, мектептердің жөндеу жұмыстарының сапасы, балалар ойын алаңдарының жетіспеуі сияқты өзекті мәселелер жиі көтеріледі. Мұндай проблемалардың шешілуі ең алдымен бюджет қаражатының қалай және қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын бақылауға байланысты», -дейді Бауыржан Заки.

Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жасау бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ықпал ететін маңызды құрал. Белсенді азаматтар мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерді зерделеп, заң бұзушылық белгілерін анықтап, уәкілетті мемлекеттік органдарға заң аясында өтініш жолдай алады. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестікті нығайтып қана қоймай, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті тек құқық қорғау органдарының міндеті деп қарастыру бүгінгі талапқа сай келмейді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты. Азаматтар заң бұзушылықтарға бейжай қарамай, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалап, өз құқықтарын қорғай білсе, жемқорлықтың алдын алу әлдеқайда тиімді болады. Сондықтан азаматтық қоғамды осы процеске кеңінен тарту қазіргі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Қоғамдық бақылауды өзіміз меңгеріп, қолдану бір бөлек, ал сол білімді өзгелерге үйрету одан да маңызды. Белсенді азаматтарға, ауыл тұрғындарына және саналы жастарға бағыт-бағдар беру арқылы ғана құқықтық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыруға болады. Өйткені өз құқығын білетін әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтар көбейген сайын мемлекет те нығая түседі. Заң үстемдігі орнығып, әділдік пен ашықтық қағидаттары берік орнығады.«Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы -билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыратын және қоғамды ортақ жауапкершілікке үндейтін маңызды бастама.

                                                                                              Гүлмира Мақанова

                                                                                               Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале