Халықаралық жастар күніне орай Казталов ауданында «Ел ертеңі — жалынды жастар» атты туристік-спорттық туриада ұйымдастырылып, ауыл жастары спортта ғана емес, шапшаңдық пен ептілікте, өнер мен шығармашылықта да өзара бақ сынады.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған шараға ауданның 13 ауылдық округтерінен командалар қатысты. Туриада бағдарламасына спорттық, туристік және шығармашылық бағыттағы бірнеше сайыс енгізілді.
Табиғат аясындағы жарыстың шымырлықты талап ететін кезеңдерінің бірі переправа қашықтығы бойынша сайыс болды. Бұл кезеңде І орынды Қошанкөл ауылы, ІІ орынды Қараоба ауылы, ІІІ орынды Тереңкөл ауылының командасы иеленді.

Далалық додада қатысушылардың аспаздық шеберлігі де сыналды. Ыстық тағамдар байқауында Бірік ауылының жастары үздік атанса, Тереңкөл ауылы ІІ, Көктерек ауылы ІІІ орынға тұрақтады.
Өнерден өрнек өрген бард әні байқауында Қараоба ауылының өкілдері топ жарды. Казталов ауылының командасы ІІ орынға, Талдықұдық ауылының жастары ІІІ орынға ие болды.
Туристік машық пен ширақ қимылды қажет ететін туристік кедергілер техникасы бойынша Қараоба ауылының командасы үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бірік ауылы ІІ, Казталов ауылы ІІІ орыннан көрінді.
Ұлттық спорт түрлерінің бірі «садақ атудан» да тартысты бәсеке өрбіді. Ұлдар арасында І орынды Бірік ауылының өкілі Қ. Сисенов, ІІ орынды Қараоба ауылынан Н. Сисенғалиев, ІІІ орынды Казталов ауылының намысын қорғаған Е. Есполов жеңіп алды. Қыздар арасындағы садақ атудан Қараоба ауылының мергені А. Мендугулова І орынға ие болды. ІІ орын Казталов ауылының өкілі Н.-ға, ІІІ орын Теренкөл ауылынан А. Жасбуынға бұйырды.
Жекелеген сайыстардағы нәтижелердің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қараоба ауылы жеңімпаз атанды. Бірік ауылының командасы ІІ орынға жайғасса, Казталов ауылының жастары ІІІ орыннан көрінді.

Туриаданың жабылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, жастарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар ауданның бірқатар белсенді жасын алғыс хатпен марапаттап, белсенді жастармен бейресми форматта табиғат аясында кездесті.
Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ
Казталов ауданы