Ұрпақ тәрбиесін өмірінің ең үлкен жауапкершілігі деп білетін көпбалалы аналардың еңбегі қашанда айрықша құрметке лайық. Осы орайда аудан әкімі Асланбек Сарқұлов көпбалалы аналарды қабылдап, оларға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстады.
Салтанатты қабылдауда аудан әкімі аналарды айтулы марапаттарымен құттықтап, отбасындағы береке мен ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектерінің маңыздылығын атап өтті.
– Сіздер бала тәрбиесімен қатар, қоғамның ертеңін тәрбиелеп отырсыздар. Әрбір дүниеге келген сәби – елдің болашағы, ал сол баланың бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіретін ең алдымен – ана. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз қандай құрметке де лайық. Бүгінгі «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» сіздердің отбасыларыңызға, аналық еңбектеріңізге көрсетілген мемлекеттік құрметтің белгісі. Әр шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін, ұл-қыздарыңыз елге қызмет ететін азамат болып өссін. Отбасыларыңызға амандық, береке, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.
Қабылдау барысында «Алтын алқа» төсбелгісімен Ақпәтер ауылдық округінің тұрғыны Бақтыгүл Ертлеуова марапатталды. Ал «Күміс алқа» төсбелгісі Қарасу ауылдық округінің тұрғыны Әсел Мұқашеваға, Казталов ауылдық округінің тұрғындары Гүлнұр Асқарова мен Меруерт Мұсағалиеваға, Ақпәтер ауылдық округінің тұрғыны Рима Оразоваға, Жаңажол ауылдық округінің тұрғыны Ақбота Ибраеваға және Қараөзен ауылдық округінің тұрғыны Әсемгүл Какимоваға табысталды.
Жайна ҚАБИБОЛЛА
Казталов ауданы