Білім ұяларында алғашқы қоңырау соғылатын 1 қыркүйек – Білім күні таяп қалды. Көшеде, базарда халық өріп жүр. Қолына ұзын-сонар тізім ұстап, сабылған ата-ана баласын жаңа оқу жылына дайындап әлек. Осы орайда орталық базарға, сауда үйлеріне барып оқуға қажетті құралдар мен оқушы киімдерінің бағасын шолып қайттық.

Базардың Арбат көшесі бойында 1 тамыздан бері жәрмеңке өтуде. Мұнда көбіне оқу құралдары: дәптер, қалам, қарындаш, бояу, ермексаз, сызғыш, кетіргіш, сөмке секілді оқуға қажетті заттар сатылады. «Мирлан» базарында да баланы бастан-аяқ киіндіруге болады. Бірақ баға әр жерде әртүрлі. Мысалы, жәрмеңкеде 12 бет торкөз дәптер – 25 тг, 24 бет – 120 тг, 36 бет – 150 тг, 48 бет – 200 тг болса, «Мирлан» базарының ішінде 12 бет торкөз дәптер – 30 тг, 24 бет – 140 тг, 36 бет – 160 тг, 48 бет – 250 теңгеден сатылады екен. Ал мұқабасы қатты күнделік жәрмеңкеде – 600 тг, сырты жұмсақ күнделік – 300 теңге, «Мирлан» базарында мұқабасы қатты күнделік – 800 теңге, мұқабасы жұмсақ күнделік 350 теңгеге қойылған. Түрлі-түсті қарындаш, кетіргіш, желім, қайшы, дәптер-кітап қаптайтын секілді ұсақ-түйектер бағасында 20-30 теңге болса да айырмашылық бар. Көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандарға тауар 10%-ға жеңілдетіліп беріледі екен (ресми құжаттары болу керек).
Темір Масин көшесі – №89 мекенжайда орналасқан «Ma-ximum» кеңсе тауарларын сататын дүкенде баға орталық базардағы бағадан там-тұм болса да, айырмашылық байқалады. Мысалы, қалам – 35 теңгеден 290 теңгеге дейін барады, қарындаш – 20 тг, кетіргіш – 60 тг, ұштағыш – 80 тг, сызғыш – 65 тг, 12 бет торкөз дәптер – 35 тг, түрлі-түсті қағаз – 360 тг, сурет салуға арналған 20 бет альбом – 365 тг, қарындаш желім ең кішкентайы – 135 тг болса, үлкені 610 теңгеге дейін барады. 96 бет торкөз дәптер
ең арзаны – 300 теңге, қымбаты – 690 теңге, сырты қатты 40 бет күнделік – 650 теңге болса, ермексаз 560 теңгеден 2150 теңгеге дейін көтеріле береді. «Атриум» сауда үйіндегі «Дина» супермаркетінде мектепке арналған құралдар бір қуыста үйіліп тұр екен. Ондағы кеңкөз 12 бет дәптер – 28 тг, торкөз 48 бет – 299 теңгеден басталса, үлкен сызғыш – 159 тг, қалам – 19 тг, қарындаш – 60 тг, қаламқап (пенал) бағасы әртүрлі. Ескеретін жайт, аралап шыққан жеке дүкендер мен орталық базардағы бағалар сапасына, көлеміне, тіпті құрал мен киімдердің іші-сыртындағы қанық бояуы мен бейнелеріне қарай бағасы өсе береді.

Қай сатушымен сөйлессем де, биыл қымбатшылық халықтың қалтасына қиын соққанын айтады. Дегенмен, былтырғы нарықтағы бағаға қарағанда, биыл кейбір оқу құралдары бірсыдырғы арзандаған.
Мектеп формасының қақы баланың жасына қарай іріктеліп қойылған. «Атриум» сауда орталығындағы «Умный Я» деген дүңгіршекте бастауыш сыныптың қыздарына арналған сарафан – 38 900 тг, жейделер – 19 600 теңге, белдемше – 12 500 тг, жемпір – 19 400 тг.
– Биыл біраз оқу құралдарының бағасы түскен. Былтыр 9000 теңгеге сатқан сөмкені биыл 6000 теңгеге бердік. Кейбір тауарларды қоймадан қандай бағаға алдық, сол құнынан көтермедік. Мысалы, дәптер – 25 теңге, қалам – 30 теңге болса, сол бағада қалды. Біз тауарды Самара, Мәскеу, Гуанчжоу, Алматыдан алып келеміз. Гуанчжоудан сөмкелер, арқақоржынды (рюкзак) алсақ, оқу құралдарының нобайын Алматы және Мәскеу қалаларынан тасыдық. Кәсіпкерлер атынан тұрмысы төмен 100 балаға арнап, оқу-құралдарын жинап жатырмыз, – деді жәрмеңкеде тұрған кәсіпкер Нұржан Медресов (суретте).

Айдана Сүлейменова, Ақжайық ауылы:
– Мен көп- балалы анамын. Биыл балаларымның үшеуі мектепке барады. Былтырғыға қарағанда, биыл оқу құралдар, киім-кешек әжептәуір арзан. Мектепке қажетті заттардың барлығын бір жерден «Kamm_kids» дүкенінен алдым. Үш балама шамамен, киімге – 130 000 теңге, оқу құралдарына – 30 000 теңгедей жұмсадық. Оқу жылына ертерек қамданып, заттарды шілде айында алып қойдық. Кейбір шұлық, ішкөйлек секілді тез тозатын киімдерді көтерме бағадағы дүкеннен сатып алдым.
Облыстық «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының өңірлік үйлестірушісі, қаржы сарапшысы, PhD докторы Анархан Құттығалиева (суретте) мектеп шығынын баланың күнделікті қалауынан бөлек жоспарлау керектігін, ата-анаға салмақ салмау үшін ай сайын аз-аздан жинаған тиімді екенін айтты.
– Мектепке жылына шамамен 240 000 теңгеден кетеді деп есептесек, айға шақ-
қанда 20 000 теңгеден келеді. Ай сайын тапқан табыстан жинап отырсаңыз, тамыз айы келгенде бірден көп ақша іздеудің қажеті болмайды.
Екіншіден, ақшаны алдын ала үшке бөліп қойған дұрыс. Міндетті заттар: оқу құралдары, мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, спорт киімі қажетті, бірақ кейін алуға болатын дүние: қосымша дәптер, кеңсе тауарлары, кейбір ұсақ заттар, ал қалауына байланысты қымбат бренд, сәнді аксессуар, ойыншық тәрізді мектепке тікелей қажет емес дүниелер деп бөлсе, ата-ана үшін өте тиімді болмақ.
Үшіншіден, бала бір нәрсе сұрағанда: «Бұл мектепке керек пе, әлде жай ғана ұнап тұр ма?» деп бірден басын ашып, сұрап алу керек және оған баланың да құлағы үйренеді.
Төртіншіден, бірден сапалы, бір жыл киіп тоздыратын дүние алса игі. Жыл бойы қайта-қайта сатып алу отбасы қаржысына тиімді емес.
Бесіншіден, мектепке қажет заттардың тізімін ертерек жасаңыз. Асығыс базарға шаппай, үйде былтырғыдан не қалғанын тексеру, биыл оқу жылына нақты не керегін жазу, бағаларын салыстыру, қолда бар затты қайта пайдалануға жараса, жаңасын алмау. Мысалы, былтырғы қарындаш қорабы жақсы күйде болса, тек жаңасы сәнді көрінгені үшін ауыстыру міндетті емес. Баланы да бюджетке қатыстырған өте маңызды. Ұл-қызыңызға: «Мына ақшаға мектепке қажет заттардың бәрін алуымыз керек. Қайсысын бірінші аламыз?» деп таңдау беріңіз. Сонда ол ақшаның шектеулі екенін түсіне бастайды. Бірақ баланы үркітіп алмай, жай түсіндіру керек. Қаржылық қиындықты алға тартып, баланы кінәлі сезіндірудің қажеті жоқ.
Алтыншыдан, отбасыға ауыр тимеу үшін ең басты ереже – мектеп шығыны үшін қарызға кірмеуге тырысыңыз. Егер отбасының табыс-кірісі мардымсыз болса, «міндетті түрде бәрін бірден жаңа аламыз» деген ұстанымнан гөрі қажеттісі → маңыздысы → кейін алуға болатын нәрсе деген жүйемен сауда жасаңыз. Ал ең жақсысы — мектеп қорын жыл бойы жинауды дағдыға айналдыру, – деді Анархан Райымқызы.
Перизат ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»