14.08.2026, 23:00
Оқылды: 52

БҚО-да 13 жас офицер шекара күзетіне кірісті

Шекарашылар күні қарсаңында БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясын тәмамдап, шекара қызметіне жолдама алған 13 жас офицерді қабылдады.

WhatsApp Image 2026-08-14 at 19.38.07 (1)

Еліміздің әр өңірінен келген жас лейтенанттар енді Отан шебін күзетіп, ел тыныштығы мен мемлекеттік шекараның беріктігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қоспақ. Кеше ғана жоғары оқу орнының қабырғасында теориялық білімін жетілдірген жас мамандар үшін бұл – әскери қызметтің жаңа белесі, үлкен жауапкершіліктің бастауы.

Кездесуде Қалияр Шадиярұлы жас офицерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, шекара қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бұл күннің үлкен өмір жолының жаңа кезеңі екенін, академия қабырғасында алған білімдерін нақты қызметте шыңдайтындарын атап өтті. Сондай-ақ шекара жай ғана мемлекеттік аумақтың шегі емес екенін, ол елдің егемендігі, халықтың тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігі екенін айтып, әскери қызметте тәртіп пен жауапкершілік, батылдық пен табандылық әрдайым алдыңғы орында болуы тиістігіне баса мән берді.

WhatsApp Image 2026-08-14 at 19.38.07 (2)

Жиында жас офицерлер атынан лейтенант Қожа-Мансұр Қыдыр-Али Әбубәкіров сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен ақжолтай тілектер үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, академияны аяқтап, офицер атанып, енді Отан алдындағы қасиетті борышын орындауға кірісу – үлкен мәртебе және артылған сенімді ақтау – басты міндет.

WhatsApp Image 2026-08-14 at 19.38.07 (3)

Жас лейтенанттардың арасында алғашқы әскери қызметін туған жері – Батыс Қазақстан облысында бастайтын лейтенант Расул Тәпішев те өз әсерімен бөлісті. Туған топырақта ел тыныштығын күзету жас офицер үшін үлкен жауапкершілікпен қатар ерекше мақтаныш екенін жеткізді. Ол бала кезінде шекарашы деген сөздің өзі Отанға адалдықтың, батырлықтың символы болғанын, енді өзі таңдаған мамандығымен туған жерінің шебінде қызмет ету бағы бұйырғанын айтты.

Мемлекеттік шекара – ел тәуелсіздігінің айғағы, ұлттық қауіпсіздіктің берік қалқаны. Оның әр шақырымын күзету кәсіби біліктілікті ғана емес, жүректегі отаншылдықты, темірдей тәртіпті және табандылықты талап етеді. Шекарашылар күні қарсаңындағы бұл кездесу жас офицерлер үшін қызмет жолының алғашқы қадамына ақжолтай тілек болып, олардың әр қадамы ел қауіпсіздігін нығайтып, мемлекеттік шекарамыздың беріктігін арттыра түспек.

WhatsApp Image 2026-08-14 at 19.38.07

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале