17.08.2026, 17:15
Оқылды: 62

Жаңа оқу жылы: тамыз конференциясы бастау алды

Өткен аптада Подстепный №2 жалпы орта білім беретін мектебінде “Тиімді тәжірибе. Зерттеу. Нәтиже: Биология, география, химия пәндері мұғалімдерінің кәсіби дамуы” атты облыстық тамыз конференциясы өтті.

e57593cc-7595-47d9-b48f-188a3bd25adb

Семинар жаратылыстану бағытындағы пәндерге арналған «STEM & ECO кеңістігі» атты тәжірибеге бағытталған көрмемен ашылды.

Аталған іс-шараның пленарлық бөлімінде Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Индира Амертаева сөз сөйлеп, басталғалы отырған жаңа оқу жылымен құттықтады. Келесі сөз кезегін облыстық әдістемелік орталықтың биология, география, химия пәндері әдіскері Жанар Куспанова алып, 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша баяндама жасап, бірқатар үздік мамандарды Құрмет грамотасымен марапаттады.

11c570d7-8e3c-4763-a3fb-7bab5408b51a

Конференция барысында бірнеше спикер “7-9 сыныптарға арналған биология, география (жаратылыстану), химия пәндері үлгілік оқу бағдарламасының ерекшеліктері» бойынша енгізілген өзгерістер жайында таныстырды.

БҚО әдістемелік орталықтың биология, география, химия пәндері әдіскері аталған облыстық тамыз кеңесі ұйымдастырылуына қатысты былай деп пікір білдірді:

-Бұл отырысқа әр ауданнан жиналған 103 педагог қатысып отыр. Бірінші бөлімде жуырда Астана қаласында оқу-ағарту министрлігінің жанындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы академиясымен бірлесе отырып жасақталған болашақтағы үлгілік оқу бағдарламасының жобасы таныстырылған болатын. Ұстаздарымыз барып, өзінің ұсыныстарын айтып келді. Сол жоба облыс педагогтеріне бүгін түсіндірілді. Қандай өзгерістер енгізілгені жайында пленарлық бөлімде айтып өттік. Түстен кейін секциялық отырыс өтеді. Әр педагог өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, төрт педагог 45 минуттан шеберлік сыныптар өткізеді. Ол жерде қазіргі таңдағы ЖИ мүмкіндіктері, ондағы платформаларды осы пәндерге қалай қолдануға болатыны жайлы тақырыпта педагогтеріміз тәжірибе алмасады. Биылғы жылы тамыз кеңесіне қосып отырған ерекшелігіміз  география пәні бойынша далалық-сарамандық жұмыс ұйымдастырылады. Сыртта, алаңда топография-картография бойынша жұмыстар жүргізіледі. Одан бөлек гуманитариялық пәндер семинары бүгінгі таңда Тасқала ауданында өтіп жатыр. Жалпы секциялық отырыстар үш күнге жоспарланып отыр. 12 пән бойынша әртүрлі күнге белгіленді,-деді Жанар Наурызбайқызы.

9f4e95cf-ec4a-4aae-969b-1f3bd5f91873

Семинардың секциялық бөлімінде аталмыш пәндер бойынша мамандардың озық оқу әдістемелері көрсетіліп, іс-шара тәжірибе алмасу алаңына айналып, ұстаздар жасанды интеллект және өзге де үздік әдістемелерге бағытталған шеберлік сабақтарын өткізді. Атап өтсек, «Биология пәнін оқытуда  жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану: «Storybook, GemBot және Gemini симуляторы» және «AI + Biology: ХХІ ғасыр мұғалімінің цифрлық құзыреттілігі» тақырыбында әр өңірден келген тәжірибелі мамандар оқыту сабағын өткізді. Семинар барысында  химия пәнін оқытудың инновациялық бағыттары кеңінен талқыланып, "Жасанды интеллект көмегімен химиялық процестерді модельдеу" және "Геймификация арқылы әрекеттенуге негізделген инклюзивті химия" сынды тақырып аясында қатысушылар заманауи әдістемелік тәсілдердің мүмкіндіктеріне көз жеткізді.

b9649ff0-f55e-464d-b7b2-6f7775eaf52a

География пәнінің мұғалімдері секциялық бөлімде «ArcGIS технологиялары арқылы географиялық зерттеулерді визуализациялау» төңірегінде жаңа мәліметтер алса, модераторлар «Топографиялық түсірілімнің әдістері мен ерекшеліктері» аясында қатысушылармен бірге тәжірибелік сабақтар өткізді.

Тамыз кеңесінің соңында қатысушылар жаңа оқу жылына жоспарлармен бөлісіп, оқу бағдарламаларына қатысты мәселелерді талқылап, пікірлерін ортаға салды. Жиын қорытындысы бойынша ұстаздар қауымы сапалы білім беру, цифрлық технологияларды енгізу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы нақты міндеттерді белгілеп, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі.

Қ.Аманжолқызы

Теректі ауданы 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале