20.08.2026, 18:00
Оқылды: 4

Оқумен озған Айару

Оқушыны оқулық шеңберінен шығарып, көркем әдебиеттің кең әлеміне жетелейтін «Мен оқыған 30 кітап» жобасы Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың бастамасымен қолға алынған болатын. Жоба аясында төрт аудандық және бір облыстық байқау ұйымдастырылды. Ал 2025 жылғы облыстық байқауда Шыңғырлау ауданының оқушысы жеңімпаз атанғандықтан, биылғы ІІ облыстық кезең шырайлы Шыңғырлау елінде өтті.

Айару 1

Осы облыстық додада екінші жүлдені иеленіп, енді республикалық деңгейде облыс намысын қорғайтын Айару Батырғалимен әңгімелескен едік.

Байқау басталған сәттен-ақ қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлаған. Айару облыстық кезеңге келгенде ғимараттың ішіне дейін қызыл кілеммен жүріп өткенін айтады. Одан кейін таныстыру кезеңі басталған.

– Оқыған адам үшін байқау оңай өтті. Әр кітаптан бес сұрақтан келді. 30 кітаптың әрқайсысынан бес-бестен, барлығы 150 тест сұрағы берілді, – дейді Айару. – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясынан» Бауыржанға бата берген адам кім деген, Бауыржан Момышұлының әжесі ұнататын киелі құс қандай деген сұрақтар келді. «Абай жолында» неше тарау бар деген сұрақ та болды, – дейді Айару.

Байқауда ақжайықтық оқушы мен Айарудың жинаған ұпайы тең түсіп, шешуші сәтте төрешілер екі оқушыға қосымша сұрақтар қойды.

Айару 30 кітапты оқуды сәуірдің 11-інде бастаған. Ал аудандық кезеңге дейін, яғни 29-маусымға дейін барлық шығарманы оқып біткен. Алдымен өзіне ыңғайлы болуы үшін кітаптардың тізімін жасап алған. Оқуды көлемі шағындау шығармалардан бастап, біртіндеп үлкен туындыларға көшкен.

Қазіргі жастардың басым бөлігі телефонға үңіліп, кітап оқуға уақыт таппай жатса, Айару кітапты жата-жастана, ұйқыға кеткенше оқып, телефонға қарауға мұршасы болмады.

– «Абай жолын» оқуға үш апта уақыт жұмсадым. Кей күндері 200-300 беттен оқыдым, – дейді ол.

Отыз кітаптың арасынан Айарудың көңілінде ерекше із қалдырғаны – Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы және Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесі.

Бұған дейін романтикалық, лирикалық шығармаларды ұнатқан Айару Нұрболқызы Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» шығармасынан кейін детектив жанрын жанына жақын сезінді. Байқауға дейін, отыз кітап алдын ол ағылшынның атақты жазушысы Анна Сьюэллдің «Сүлікқара» кітабын оқып бітірген.

Кітап оқыған сайын оқырманның жадында белгілі бір кейіпкерлердің қалатыны бар. Айару үшін сондай кейіпкерлердің бірі – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Ербол мен Меңтай. Олардың бір-біріне деген шынайы сезімі, өзара сенімі кітапқұмар қызға ерекше әсер етті.

Кітап оқитын арудың болашақ мамандығы тіл мен әдебиет мұғалімі немесе журналист болады деп бірден ойлап қаламыз. Алайда, Айарудың таңдауы өзгеше екен. Сырым мектеп-лицейінің 10-сыныбына көшкен Айару болашақта химия-биология бағытын таңдауды көздейді. Кітапқа деген махаббат міндетті түрде әдебиетші болумен шектелмейді екен.

«Отыз кітап қандай кітаптар екен?» деген сұрақ көкейде ұялап, естіген адамның қызығушылығын тудырады. Оны да сұрадық. Мыналар екен: Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Дулат Исабековтің «Қарғын», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім», Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы», Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы», Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Асқар Сүлейменовтің «Бесатар», Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Оралхан Бөкейдің «Атау кере», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Әбіш Кекілбайұлының  «Үркер», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Тынышбай Нұрмағамбетовтің «Берішбайдың тымағын ит алып қашқан жыл», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Тәкен Әлімқұловтың «Қараой», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан», Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» және Мұнайдар Балмолданың «Абадан» шығармалары.

Ал, республикалық кезеңде соңғы шығарманың орнына Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» кітабы енгізілді. Республикалық кезеңде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын Айару Батырғали:

– Енді «Мен жастарға сенемінді» оқып, бұрын оқыған кітаптарымды тағы бір шолып шығамын, – дейді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале