21.08.2026, 11:30
Оқылды: 13

Қазақстан азаматтары EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады?

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы Қазақстан азаматтарын Корея Республикасында жұмысқа орналастыру үшін іріктеу тәртібін түсіндірді.

630ed131589a128f1b4a7a27ffb7564c_1280x720

Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Осы орталықта кандидаттардың корей тілін қаншалықты білетіні EPS-TOPIK тесті арқылы анықталады. Сонымен қатар олардың кәсіби білімі мен дағдылары бағаланады. Корея Республикасына аттанар алдында жұмысшылар үшін міндетті дайындық та ұйымдастырылады. Іріктеу барысында азаматтың білімі, еңбек өтілі және бар кәсіби сертификаттары ескеріледі.

Кореяға жұмысқа баруға 18-ден 39 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бұл ретте азаматтың сотталмаған болуы, Корея Республикасынан бұрын күштеп шығарылмағаны және елге кіруге тыйым салынбағаны ескеріледі. Сондай-ақ Қазақстаннан шетелге шығуына ешқандай шектеу болмауы қажет. Кандидаттар белгіленген талаптарға сай балдық жүйе арқылы бағаланады.

Қажетті талаптарға сай келіп, барлық кезеңнен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Бұл үшін жарамды төлқұжаттың болуы және медициналық тексеруден өтуі міндетті.

Жеке мағлұматта білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтер көрсетіледі. Осы ақпараттың негізінде корейлік жұмыс берушілер белгіленген іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтардың арасынан өздеріне қажетті қызметкерді таңдай алады.

Бұл ретте маңызды нәрсеге назар аудару қажет: емтиханнан өту және ресми кандидаттар тізіміне енгізілу азаматтың Кореяда автоматты түрде жұмысқа орналасатынын білдірмейді. Кандидаттарды түпкілікті таңдау құқығы корейлік жұмыс берушіге тиесілі. Яғни жұмыс беруші тіркелген кандидаттардың арасынан өзіне қажетті қызметкерді өзі таңдайды.

EPS жүйесі бойынша Корея Республикасына жұмысқа қабылданатын Қазақстан азаматтарының саны жыл сайын Корея тарапы айқындайтын квотаға сәйкес белгіленеді.

Жұмыс беруші кандидатты таңдаған соң еңбек шартын ұсынады. Қол қоюға дейін қызметкерге қандай жұмысты атқаратыны, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және басқа да маңызды талаптар түсіндіріледі. Екі тарап қол қойғаннан кейін еңбек шартының түпнұсқасы қызметкерге беріледі.

Кореяға жұмысқа баратын азамат үшін алдын ала дайындық кезеңі қарастырылған. Ол Алматы қаласындағы EPS орталығында өткізіледі. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін азамат Кореядағы жұмыс орнына аттанады.

EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңнамада көзделген жағдайларда бұл мерзімді тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады. Белгіленген жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтып келген жұмысшыларға Корея Республикасына кейін қайта бару үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Еңбек министрлігі Кореяда жұмыс істеуді жоспарлап отырған азаматтарға тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын пайдалануды ескертеді. Азаматтар «жұмысқа міндетті түрде орналастырамыз», «іріктеуден жедел өткіземіз» немесе «белгіленген тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз» деп уәде беретін жеке делдалдарға құжаттарын немесе ақшасын бермеуі қажет.

Бірде-бір жеке делдал азаматқа Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды. Себебі кандидаттарды түпкілікті таңдауды корейлік жұмыс беруші жүзеге асырады.

Тіркеудің нақты қашан басталатыны, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестін өткізу мерзімі мен тәртібі, сондай-ақ іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале