21.08.2026, 11:15
Оқылды: 12

35 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Оралда баспанасы апатты деп танылған 35 отбасы үшін көптен күткен қуанышты күн туды. Бүгін оларға жаңа пәтерлердің кілті табысталып, тұрғындар жаңа қоныстарына ие болды.

250ba28f-9d75-4cb8-88f1-91bc330f8fba

Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жаңа пәтер иелерін құттықтап, баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

ac8253a0-c0c4-436c-8f51-2eb3d75673da

Өңірде халықты баспанамен қамту мәселесіне айрықша мән беріліп келеді. 2023 жылдан бері облыста 6 483 пәтер пайдалануға берілген. Оның 2 684-і ауылдық елді мекендердегі тұрғындарға арналған. Биыл өңірде 42,2 млрд теңгеге 2 402 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Орал қаласында бүгінде тұрғын үй кезегінде 27 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұл – кезең-кезеңімен шешуді қажет ететін ауқымды мәселе. Осыған байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда.

4c52de7d-6b98-4ca5-b68e-9f39a5ebfe35

Жоспарға сәйкес, биыл әлеуметтік осал топтарға 200 пәтер беру көзделсе, тағы 1000 пәтер тұрғындарға несиелік негізде ұсынылмақ. Бұл шаралар баспанаға мұқтаж азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа пәтерлер табысталған «Ақжайық» шағынауданы да қаланың болашақ дамуында маңызды орын алмақ. Мұнда қажетті инфрақұрылымдық желілер тартылған. Қазіргі уақытта шағынауданды қала орталығымен байланыстыратын жаңа көпірдің құрылысы қарқын алып келеді.

7022de59-b05c-4cc4-8640-44851505327a

Алдағы уақытта «Ақжайықта» 60 әлеуметтік нысан бой көтереді деп жоспарланған. Оның ішінде 70 көпқабатты тұрғын үй, 4 балабақша, 3 мектеп, аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың орындық стадион салу көзделіп отыр. Аталған нысандар шағынаудан тұрғындарына қажетті әлеуметтік жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстаған Нариман Төреғалиев әр отбасы үшін баспананың орны бөлек екенін айтып, ақжолтай тілегін білдірді.

1f724742-0a20-46ff-8996-bb8d8211d1b4

– Қадірлі ағайын, жаңа қоныс иелері! Жаңа баспана – әр отбасы үшін үлкен қуаныш, жаңа өмірдің бастауы. Бүгінгі пәтерлеріңіз сіздерге жайлы мекен болып, берекелі шаңыраққа айналсын! Алдағы уақытта да тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз. Әрбір азаматтың баспаналы болуына бар күш-жігерімізді саламыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

 

Бекзат Қанәділ

Жайық Пресс

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале