21.08.2026, 12:00
Оқылды: 8

Туған жер тарихын танытқан туариада

Егіндікөл ауылында туған өлкенің тарихы мен табиғатын танытуға бағытталған «Еңсесі биік – Егіндікөл» тарихи-танымдық туариадасы өтті.

IMG_1732

Егіндікөлде өткен тарихи-танымдық туариада туған жердің тарихын танып, табиғи нысандарын аралап, киелі орындарға зиярат етуге бағытталды. Туариада туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, Егіндікөл ауылының тарихи және табиғи нысандарын таныстыру, жастар мен тұрғындардың туған жерге деген қызығушылығын арттыру, жаяу және ат туризмін дамыту, ұлттық мәдениет пен қолөнерді дәріптеу, киелі орындарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында оздырылды. Шараға «Хабар» телеарнасының тілшісі Ерденбек Жылқайдарұлы, «Ақжайық» телеарнасының редакторы, спорт журналисті Тұрар Ғабдрашитұлы, ультрамарафоншы Баубек Ілиясов, атбегі, эколог-ғалым Алтай Зейнуллин, сондай-ақ Сырым ауданының марафоншысы Жұмағұл Молдабеков қатысты.

Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Ғабит Газиев сөз алып, туариаданың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгін тарихы тағылымды, табиғаты көркем Егіндікөл ауылында «Еңсесі биік – Егіндікөл» тарихи-танымдық туариадасының өтуі – маңызды оқиға. Бұл шара туған жердің тарихын танып-білуге, тарихи-мәдени мұраларды насихаттауға және ауылдың туристік әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

IMG_1726

Егіндікөлдің өзіндік тарихы, табиғи ерекшеліктері мен туристік мүмкіндіктері бар. Осындай құндылықтарды елге таныту арқылы ауыл туризмін дамытуға, жастардың туған жерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік мол. Туған жердің әрбір тарихи нысаны мен табиғи байлығы – кейінгі ұрпаққа қалатын аманат. Оларды қадірлеп, көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ міндет, - деді Ғабит Газиев.

Туариаданың алғашқы бағыты Дәуқара батыр кесенесін зиярат етуден басталды. Қатысушылар тарихи тұлғаға тағзым жасап, ел тарихындағы батырлардың өнегесі мен ерлік жолына қатысты мәліметтермен танысты. Одан әрі таң атысымен арнайы жобаға қатысушылар Егіндікөл– Сегізсай бағытында 14 шақырым жүгіріп өтті. Бағыт аясында марафоншылар мен жоба қатысушылары белгіленген қашықтықты жүгіріп өтіп, атпен серуендеу мүмкіндігін де пайдаланды. Сапар барысында қатысушылар Егіндікөлдің табиғатын тамашалап, өлкенің туристік әлеуетімен танысты. Жүгіру бағыты аяқталған соң туариада қатысушылары сапарын тарихи- танымдық бағытта жалғастырды. Алдымен Сүлеймен ата киелі мекеніне зиярат етіп, қасиетті орынның тарихы мен ел жадындағы орны туралы мағлұмат алды.

IMG_1743

Одан әрі сапар Құныскерей үңгіріне бағытталды. Қатысушылар табиғи нысанды аралап, үңгірдің ерекшелігімен танысты. Бұл сапар өлкенің тарихы мен табиғатын қатар танып-білуге мүмкіндік берді. Туариада маршруты бұдан әрі Аққұмға ұласты. Қатысушылар Егіндікөл өңірінің табиғи ерекшеліктерін тамашалап, туған жердің көрікті жерлерімен танысты. Аққұмның табиғи көрінісі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сапардың келесі аялдамасы – Егіндікөлдегі Мөлдір бұлақ болды. Тұнық суымен ерекшеленетін бұлақ басына аялдаған қатысушылар табиғат аясында тынығып, өлкенің табиғи байлығын тамашалады. Нысандардың тарихы мен ел жадындағы орны туралы мәліметтерді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафиуллин таныстырды. Ол әрбір тарихи және киелі нысанның өзіндік ерекшелігіне тоқталып, олардың өңір тарихындағы маңызы, ел арасында сақталған деректер мен аңыз- әңгімелер жөнінде кеңінен әңгімеледі. Қатысушыларға туған өлкенің тарихын танып-білудің, тарихи орындарды қастерлеп, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын түсіндірді.

IMG_1742

Туариадаға қатысқан атбегі, эколог-ғалым Алтай Зейнуллин Егіндікөлдің табиғи және тарихи әлеуетіне жоғары баға берді. Ол мұндай жобалардың өлкені танытуға, табиғи нысандарды қорғауға және ат туризмін дамытуға берері мол екенін атап өтті. – Егіндікөлдің табиғаты ерекше. Бұл өңірдің кең даласы, құмды алқаптары, бұлақтары мен тарихи орындары бір-бірімен сабақтасып жатыр. Осындай жерлерді елге таныту үшін алдымен өзіміз жақсы білуіміз керек. Туған жердің табиғатын көріп, тарихын естіген адам оның қадірін де түсінеді.

IMG_1738

Бүгінгі туариаданың ерекшелігі – спорт пен туризмнің, тарих пен табиғаттың қатар қамтылуында. Әсіресе атпен жүріп, дала табиғатын аралау – қазақтың дәстүрлі мәдениетімен тікелей байланысты. Ат туризмін дамыту арқылы жастарды ұлттық құндылықтарға жақындатып, туған өлкенің табиғатын танытуға болады. Егіндікөлде туристік бағыттарды дамытуға мүмкіндік бар. Бірақ табиғи нысандарды туристік орынға айналдырумен қатар, олардың табиғи қалпын сақтауға да мән беруіміз керек. Құныскерей үңгірі, Аққұм, Мөлдір бұлақ секілді нысандарды танытып қана қоймай, тазалығын сақтап, қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәдениетін қалыптастыру қажет.

Бүгінгі шараның маңызы да осында. Біз туған жерді тамашалап қана қоймай, оны келешек ұрпаққа қандай күйде қалдыратынымызды ойлауымыз керек. Табиғатты қорғау – әр адамның азаматтық жауапкершілігі. Осындай бастамалар жиі ұйымдастырылып тұрса, жастардың туған жерге деген қызығушылығы артып, ауыл туризмін дамытуға да жақсы мүмкіндік туады, – деді Алтай Зейнуллин.

Бірнеше бағытты қамтыған тарихи-танымдық туариада барысында қатысушылар киелі орындарға зиярат етіп, тарихи нысандармен және табиғи көрікті жерлермен танысты. Сонымен қатар жүгіру мен ат туризмі арқылы Егіндікөлдің туристік әлеуетін көрсетуге мүмкіндік туды.

Р.АБАЙ

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале