Бүгін, 23 тамыз күні елімізде жалпыұлттық сайлау – құрылтай өз жұмысын бастады. Таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Әнұран орындалып, Янайкин ауылдық округіндегі №177 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.

Таңсәріден сайлау учаскесіне келген ауыл тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауда.
№177 сайлау учаскесінде барлығы 712 сайлаушы тіркелген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлсім Бисекешованың айтуынша, денсаулық жағдайына байланысты 24 тұрғын үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Сондай-ақ биыл бұл учаскеде алғаш рет дауыс беретін 6 жас сайлаушы бар.
Сайлау үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сәйкес өтуін тәуелсіз байқаушылар бақылауда. Ал Янайкин ауылындағы бүгінгі сайлау барысының тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың ретро стильде киініп, дауыс беруге қатысуы. Бұл бастама ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен қоғамдық маңызды шараға деген ерекше ықыласын аңғартады.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген ауыл тұрғыны Жанат Курпильдисова азаматтық таңдау жасауды әр азаматтың парызы деп санайтынын атап өтті.

«Таңсәріде жолдасыммен малды өріске шығарып, азаматтық борышымды өтеуге келдім. Дауыс беру – әр азаматтың жеке жауапкершілігі деп білемін. Алғашқылардың бірі болып келіп, сыйлыққа да ие болып қалдым», – деді ол.
Янайкин ауылындағы №177 сайлау учаскесінде құрылтайға дауыс беру барысы белгіленген тәртіппен жалғасуда.
Салтанат Шоқан,
Бәйтерек ауданы