Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Дәмет Өтегенова жас кезінен еңбекке ерте араласып, тракторшы болып қызмет атқарған. Ауыл шаруашылығында түрлі жұмыстар атқарып, қырда мал бағып отырған тұрғындарға ауызсу жеткізген. Еңбек жолында ауылдың қоғамдық өміріне де белсенді араласқан. Аудандық мәслихат депутаты болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді.

Қазір зейнетте болғанымен, еңбектен қол үзген жоқ. Жеке малын өзі бағып, ауылдың күнделікті тірлігіне араласып жүр. Балаларын қанаттандырған, немере сүйіп отырған көпке үлгілі отбасының ұйытқысы.

Бүгін сайлау учаскесіне трактормен келуінің себебі де осы еңбек жолымен байланысты.
– Жастық шағымда трактор айдап, елдің қамы үшін еңбек еттім. Бүгін сол тракторға қайта отырып, сайлауға келдім. Бір жағынан жастық шағымды еске түсіріп, екінші жағынан кейінгі жастарға «еңбек етуден, ел ісіне араласудан ешқашан қашпаңдар» деген өзімнің кішкентай ғана өнегем болсын дедім. Әр адам елдің болашағы үшін таңдауын жасап, елмен бірге болсын. Алла Отанымызға тыныштық, халқымызға амандық, әр отбасыға береке берсін. Еліміздің келешегі кемел болсын! – дейді тракторшы ана.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы