Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов №81 сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру рәсімінен өтіп, өз таңдауын жасады. Аудан әкімі тұрғындарды сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруге шақырды.

– Дауыс беру – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін танытатын маңызды қадам. Өз таңдауымыз арқылы елдің болашағына қатысты көзқарасымызды білдіреміз. Сондықтан барша аудан тұрғындарын сайлау учаскелеріне келіп, өз азаматтық таңдауын жасауға шақырамын, – деді Еркебұлан Нұретдинұлы.
№81 сайлау учаскесінде барлығы 1937 сайлаушы тіркелген. Таңғы уақыттан-ақ учаскеге келушілердің қатары артып, тұрғындардың белсенділігі байқалуда.

Сайлау күні мұнда алғаш рет дауыс беріп отырған 23 жас сайлаушы үшін де ерекше мәнге ие. Азаматтық құқығын алғаш рет пайдаланып отырған жастар өз таңдауларын жасап, ел өміріне араласудың алғашқы қадамын бастады.
Сондай-ақ бүгін туған күнін атап өтіп жатқан 3 сайлаушы да дауыс беріп, қос қуанышты қатар бөлісті. Ал отбасылық өмірдің 30 жылдығын атап отырған шаңырақ иелері де сайлау учаскесіне келіп, азаматтық міндетін орындады. Оларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Учаскеде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да барлық жағдай қарастырылған. Оларға арнайы бұрыш ұйымдастырылып, кедергісіз дауыс беруге мүмкіндік жасалған.
Аталған сайлау учаскесіндегі бұл көріністер – азаматтардың ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып отырғанын аңғартады.

Әрбір дауыс – азаматтың таңдауы. Ал таңдау жасау – ел ертеңіне деген жауапкершілік. Бүгін Бөрлі тұрғындары өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдіруде.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы