Шыңғырлау ауданында көпбалалы, өнегелі Тағаниязовтар отбасы Құрылтай депутаттарының сайлауына отбасымен бірге келіп, өз азаматтық таңдауларын жасады.

Әулеттің аяулы анасы Үміт Тағаниязова балаларын, келіндерін және немерелерін ертіп, сайлау учаскесіне арнайы келді. Бір әулеттің бірнеше буынының бір жерге жиналып, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға бірге қатысуы отбасыдағы ұйымшылдық пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Көпбалалы отбасы үшін бала тәрбиесі мен ұрпақ сабақтастығы қашанда басты орында. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, бірлікті ту еткен Тағаниязовтар әулеті бүгінгі таңда да кейінгі ұрпаққа жақсы үлгі көрсетті. Үміт ана балаларымен қатар келіндері мен немерелерін де ертіп келіп, ел болашағына қатысты маңызды таңдаудың мәнін ұрпақ санасына сіңіре білді.

Сайлауға отбасымен бірге қатысу азаматтық белсенділікті арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа ел тағдырына жауапкершілікпен қараудың тағылымын береді. Әулеттің әр мүшесі өз азаматтық ұстанымын білдіріп, елдің ертеңіне деген сенімін танытты.
Үміт Тағаниязованың балаларын, келіндері мен немерелерін ертіп сайлауға келуі – «Бірлігі бекем отбасының берекесі де берік» деген тағылымды ойды айшықтай түсті. Бір әулеттің бірнеше буынының бір күнде, бір мақсатпен бас қосуы отбасылық құндылық пен елдік мүдденің сабақтастығын көрсетеді.
Құрылтай депутаттарын сайлау елдің қоғамдық өміріндегі маңызды науқан. Оған белсенді қатысып, өз таңдауын жасау – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігінің белгісі.
Өнегелі отбасының елдік іске бірге атсалысуы – кейінгі ұрпаққа үлгі, береке-бірліктің жарқын көрінісі.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы