Шыңғырлау ауданы, Қарағаш ауылдық округіндегі «Ақөріс» шаруа қожалығының басшысы Жасұлан Орынғалиев Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық таңдауын жасады.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Туған жердің төсінде маңдай терін төгіп, шаруашылықты дамытып, еңбек адамдарына тұрақты жұмыс орындарын ұсынып жүрген кәсіп иелері үшін елдегі тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық даму айрықша маңызды.
Жасұлан Орынғалиев те ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, туған өлкенің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Шаруашылықты жүргізу, жердің берекесін арттыру, мал шаруашылығын дамыту секілді жауапты міндеттермен қатар, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуды да азаматтық парыз санайды.
Бүгін ол сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Бұл – азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін танытып, қоғамдық-саяси үдеріске өз үлесін қосуының көрінісі.
"Елдің болашағы ауылдың жағдайымен де тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығының дамуы, еңбек адамының жағдайы, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты бәрімізге ортақ мәселе. Сондықтан ел өміріндегі маңызды науқанға қатысып, өз таңдауымды жасау – азаматтық міндетім деп білемін", – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Ауылда еңбек етіп, елдің ырыс-берекесін еселеп жүрген азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы қоғамдық жауапкершіліктің жақсы үлгісі. Себебі әрбір азаматтың таңдауы елдің ертеңіне деген көзқарасын білдіреді.
Құрылтай депутаттарын сайлау ел дамуының маңызды бағыттарына қатысты азаматтардың өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндік беретін саяси науқан. Осындай маңызды сәтте әр азамат өз құқығын пайдаланып, ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық таңдауын жасауы маңызды.
Ел еңсесі еңбегімен елге қызмет еткен азаматтардың белсенді ұстанымынан көрінеді.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы