Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры – өңірдің мәдени өмірінде өзіндік орны бар өнер ордасы. Соңғы жылдары шығармашылық ізденісін күшейтіп, жаңа қойылымдарымен көрерменін қуантқан театр ұжымы ұлттық өнерді дәріптеуді басты бағыттарының бірі санайды.

Бұл жолы театрдың домбырашылары сахнадан сайлау учаскесіне бет бұрып, азаматтық таңдауын жасады. Ең қызығы – өнерпаздар дауыс беруге қазақтың қасиетті қара домбырасын қолдарына ұстап келді.
Сайлау учаскесінде домбыраның қоңыр үнімен бірнеше күй орындап, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық аспаптың үні сайлау учаскесінің төрін әсем әуенге бөлеп, маңызды қоғамдық шараға өзгеше реңк қосты.

«Өнер - елмен бірге. Біз үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың үні мен рухының белгісі. Сондықтан бүгінгі азаматтық таңдауымызды да домбыраның қоңыр үнімен сабақтастырғымыз келді», - дейді театр өнерпаздары.
ӨКҚ БҚО