Сырым ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ауылшарушылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Жымпиты жәрмеңкесі - халықтың еңбек думаны. Шаруалар өз өнімдерін жаймалап, тұрғындар саудалап, мәре - сәре болып, екі жақ та риза қайтып жатады.

Жәрмеңкеде қаймақтың литрі 2500 теңгеден, сиыр етінің келісі 3500 теңгеден сатылды. Биыл бақшаларда өнім берекелі. Шідертінің “суын ішіп өскен” қиярлар, Талдыбұлақтың бұлағымен суғарылған қарбыздар, Жетікөлдің құмда өскен қарбыздары - бәрі де кеше елге тиімді бағамен ұсынылды.

Қиярлардың келісі 250 тг, ал қызанақ 280 тг сатылды.
Қарбыздардың бағасы келісіне - 150 тг.

Осы жолғы жәрмеңке Құрылтай сайлауы күнімен тұстас келді. Сауда - саттық жасаушы жұрт елдегі саяси жаңалықтар, Құрылтайдың маңызы, партиялардың сайлауалды бағдарламаларын талқылап жатты. Олардың ойынша, елдің болашағы - өндірісте. Ал, жәрмеңке - ауыл өндірісінің салтанаты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы