Алматы қаласындағы «Тянь-Шянь» қонақ үйiнiң мәжіліс залында «Арал-Каспий өңірінiң мұсылмандық мұрасы» атты жоба бойынша ғылыми семинар өтті.
Аталмыш шараға Түркиядан Ислам әріптестiк ұйымы жанындағы Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеудің ғылыми орталығының (IRCICA, OIC) бас директоры Халит Эрен мырза, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербiсәлi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшiрбек Мүминов, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, «DANAkaz» журналының бас редакторы Қазбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, тарих магистрі Айболат Құрымбаев, өлкетанушы, имам Мұратбек Жахатов, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова мен Дина Медеровалар қатысты.
Семинарда талқыланған басты мәселе Батыс Қазақстан облысы аумағында сақталған көне қорымдардағы араб жазулы құлпытастарын кешенді түрде зерттеу және кітап етіп бастырып шығару болатын.
Шараға қатысушыларға Ақжайық ауданындағы Мәулiмберлi қорымы туралы Жантас Набиоллаұлы бейнебаян арқылы таныстырып, зерттелу жұмыстары жөнінде айта кетті. Теректі ауданы Шағатай ауылдық округіндегі «Хан зираты», нақтырақ айтқанда Кіші жүзді билеген Жантөре хан жерленген қорым туралы баяндаған Қазбек Құттымұратұлы әлі де зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқандығын тілге тиек етті. Ал тарих магистрі Айболат Құрымбаев Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан мазары мен оның маңында орналасқан құлпытастар жөнінде бейнебаян көрсетіп, семинарға қатысып отырған қонақтарға тың деректерді таныстырды.
-Бұл жәдігерлер бұған дейін жергілікті ғалымдардың жұмыстануымен зерттеліп жатты. Кейін мұндай құнды қазына, бағалы дерек туралы хабар Алматыға да жетті. Батыс Қазақстан өңіріндегі қабіртас ескерткіштерін зерттеу жобасы Шығыстану институтында 3 жыл бұрын басталған еді. Бүгінде бұл құнды дүниелерге әлем қызығушылық танытуда. Міне, «Арал-Каспий» өңіріндегі ислам жәдігерлерін зерттеу жөнінде ғылыми семинар өтті. IRCICA ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткен семинарға Астана, Алматы және де басқа өңірлерден мамандар қатысты. Семинар қортындысында бүкіл әлемге мәлім болуы үшін үш тілде басып шығарамыз деген келісімге келдік. Кітапқа құлпытастар, архивтік құжаттар, ауызекі деректер және шежірелер енгізілетін болады. Мұсылман әлеміне қолға алынып отырған жаңа жобамыз қызықты болатынына сеніміміз мол. Бұрын-соңды зерттелмеген және еш жерде айтылмаған тың деректердің бірінші нұсқасын әлем үшін ағылшын тілінде, көршілес елдер үшін орысша нұсқасын және өзіміз үшін ана тілімізде басып шығармақ ойдамыз. Халықаралық «IRCICA» басшылық жасап жатырған жобаға Орал қаласынан бес адам және Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің мамандары қатысқалы отыр,-деді тарих ғылымдарының доктор профессоры, «IRCICA»-ның зерттеушісі Әшірбек Мүминов.
Шара соңында оралдық имам Мұратбек Жахатовта осы уақытқа дейін бірнеше жүздеген құлпытастың кілтін ашқанын әңгіме барысында айтып берді. Осындай құнды дүниелердің зерттеліп жатқандығына және болашақта да талай жұмыстардың жүргізілетініне көз жеткiзген профессор Халит Эрен мырза оралдық зерттеуші топқа ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.
Темірболат Тоқмамбетов,
Алматы-Орал