23.08.2026, 14:20
Оқылды: 15

Ауданның белсенді аналары сайлауда өнеге көрсетті

Саяси науқандар мен маңызды қоғамдық шараларда әрдайым алдыңғы қатардан көрінетін ауданның белсенді әйелдер қауымы бұл жолы да жоғары азаматтық белсенділік танытты. Жергілікті қоғамдастық пен әлеуметтік бастамалардың ұйтқысы болып жүрген нәзік жандылар құрылтай сайлауына біркісідей қатысып, өз дауыстарын берді.

image-23-08-26-02-21

Ел ісіне бейжай қарамай, белсенділігімен дараланған тұлғалардың бірі – Гүлнар Хайрлиева. Ол Жәнібек аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, Ардагер ұстаздар кеңесінің жетекшісі, Әжелер алқасының төрайымы және аудандық «Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының басшысы ретiнде аймақтағы әлеуметтік-қоғамдық бастамалардың басы-қасында келеді. Тәжірибелі ұстаз әрі ел анасы ретінде ол өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, саяси науқанда көшбасшылық үлгі көрсетті.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмысты қатар өрбіткен Жанар Кушанова да дауыс беруге белсенді түрде қатысты. Кезінде аудан әкімдігі аппаратында бас маман болып еңбек жолын бастап, кейіннен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымын абыроймен атқарған ол – өңірдің қоғамдық-саяси тынысын терең түсінетін білікті маман.

Қоғамдағы ынтымақ пен тұрақтылықты ту еткен аудан белсенділері бұл саяси шараның болашақ даму мен ел бірлігі үшін маңызды екенін атап өтті. Аға буын өкілдері мен белсенді азаматшалардың бұл қадамы кейінгі жастарға көрсетілген үлкен өнеге болды.

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале