23.08.2026, 14:55
Оқылды: 21

Ақ жаулықты әже сайлауға қатысып, елге ақ тілегін арнады

Шыңғырлау ауданы, Ақтау ауылдық округінің тұрғыны, 88 жастағы ұлағатты ұстаз, аяулы ана, сүйікті әже Бексейтова Закия Әуенқызы №409 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.

image-23-08-26-02-41

Ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім саласына арнаған Закия Әуенқызы – елге еңбегі сіңген, кейінгі буынға өнегесімен жол көрсетіп келе жатқан ардақты жан. Ұстаздық жолында талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін сіңіріп, өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар берген аяулы ұстаз бүгінде отбасының берекесін келтірген ардақты ана, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі.

Қария үшін сайлауға қатысу ел өміріндегі маңызды науқанға үн қосып, өзінің азаматтық таңдауын білдірудің мәні зор екенін көрсетеді. Сексен сегіз жаста болса да, ел тағдырына алаңдап, болашаққа бейжай қарамай, сайлау учаскесіне арнайы келіп дауыс беруі кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі.

Закия Әуенқызы өз таңдауын жасап болған соң, ел-жұртқа ақ тілегін айтып, ақ батасын берді. Ғасырлық тарихқа куә болған ақ жаулықты әженің жүрекжарды тілегінің төрінде елдің амандығы мен халықтың тыныштығы тұрды.

"Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр шаңырақта береке мен бірлік орнасын. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, еліміздің ертеңі нұрлы болсын", – деген ақжарма тілегін жеткізген қария елге татулық пен тыныштық тіледі.

Қашанда үлкеннің батасын қадір тұтқан халқымыз үшін ақ жаулықты әженің ақ тілегі – ерекше мәнге ие. Ұрпаққа білім мен тәрбие берген ұстаздың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі, елге деген ақ ниеті кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.

Бүгінгі таңдаудың мәні де осында әр азамат өз болашағына, елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарап, азаматтық міндетін орындауда. Ал 88 жастағы Закия Әуенқызының сайлауға қатысып, елге батасын беруі туған жерге деген сүйіспеншіліктің, азаматтық белсенділіктің және ел болашағына деген ақ ниеттің жарқын көрінісі.

Ақ баталы әженің тілегі қабыл болып, елімізде әрдайым тыныштық, жұртымызда бірлік, әр отбасында амандық пен береке болғай!

 

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале