Бүгін Ақтау ауылдық округінің тұрғындары Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өздерінің азаматтық таңдауларын жасауда. Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.

Ақтау ауылдық округінің тұрғыны, ұзақ жылдар бойы еңбегімен елге танылып, айналасына үлгі болып жүрген азамат, шаруа қожалығының басшысы Тыныш Иманғалиев те сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Еңбекті өмірінің басты темірқазығына айналдырған Тыныш Иманғалиев ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп, туған жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі. Ол үшін елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерден шет қалмай, азаматтық міндетін орындау әр адамның жауапкершілігі.

Сондай-ақ №409 сайлау учаскесінде 18 жасқа толған Рахметжанов Диас алғаш рет дауыс беріп, өзінің азаматтық құқығын жүзеге асырды. Жас сайлаушы үшін бұл күн өміріндегі маңызды сәттердің бірі. Алғаш рет сайлауға қатысу ел тағдырына бейжай қарамайтын, қоғамдық өмірге белсенді араласуға қадам басқанын білдіретін ерекше оқиға.
Диастың алғашқы дауыс беруі жастардың ел болашағына деген көзқарасы мен азаматтық ұстанымының қалыптасып келе жатқанын көрсететін тағылымды мысал. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Қазіргі таңда №409 сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі қалыпты жағдайда ұйымдастырылуда. Сайлау учаскесінде сайлаушыларды қарсы алу, олардың құжаттарын тексеру, сайлаушылар тізімінен мәліметтерін нақтылау, бюллетеньдерді беру жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуде. Учаске мүшелері сайлаушыларға қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дауыс беру рәсімінің заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз етуде.
Ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, сайлау учаскесіне кезек-кезегімен келіп, өз таңдауларын жасауда. Әр азаматтың дауысы елдің болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды қадам.
Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу азаматтың өз таңдауын білдіру ғана емес, қоғамның дамуына, елдің келешегіне ортақ жауапкершілікті сезіну. Сондықтан сайлау күні ауыл тұрғындарының белсенділік танытып, азаматтық міндеттерін орындауы елдік іске деген жанашырлықтың айқын көрінісі.
Сайлау заң аясында, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуде. Ақтау ауылдық округінің тұрғындары да ел болашағына қатысты өз таңдауын жасап, маңызды саяси науқанға өз үлестерін қосуда.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы