Бәйтерек ауданы орталығындағы №155 сайлау учаскесіне аудандық білім бөлімі ұжымы келіп, өз азаматтық таңдауын жасады.
Білім саласы қызметкерлерінің ел өміріндегі маңызды қоғамдық шараға ұйымшылдықпен қатысуы – азаматтық белсенділіктің бір көрінісі. Ұжым мүшелері бұл күнге арнайы дайындалып, біркелкі киім үлгісімен сайлау учаскесіне барды.
Аудандық білім бөлімі басшысы Айнагүл Зайреденқызы Баянова атап өткендей, бүгінгі таңда ауданның білім беру ұйымдары, мектепке дейінгі ұйымдар, Туризм орталығы, екі музыка мектебі, қосымша білім беру ұйымдары мен Балалар шығармашылық орталығының ұжымдары сайлауға белсенді қатысуда.
– Біздің ұжымда барлығы 37 қызметкер бар. Бүгін олардың 21-і бірігіп, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Бір қызметкеріміз қазіргі уақытта Астана қаласында еңбек демалысында болса, тағы бір қызметкер үйден дауыс береді. Ал біздің бүгінгі ерекшелігіміз – ұжым болып біркелкі киіммен келуіміз. Бұл киімдерді 2024 жылы кәсіподақ қаражаты есебінен арнайы тіктіріп алған болатынбыз. Алдағы уақытта да осындай киім үлгісін жаңартып, толықтыру жоспарымыз бар. Ел үшін маңызды осындай шарада ұжым болып бірге келіп, бірлігімізді көрсету біз үшін жақсы дәстүрге айналса деген ниеттеміз, – дейді Айнагүл Зайреденқызы.
Білім саласының мамандары үшін елдің болашағы мен жас ұрпақтың сапалы білім алуы – өзара сабақтас ұғым. Осы тұрғыдан алғанда, құрылтайдың қорытындысы білім беру жүйесінің одан әрі дамуына, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, білім алушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған оң өзгерістерге жол ашады деген сенім бар.
– Бүгін біз ұжым болып маңызды қадам жасадық. Елдің болашағына қатысты ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, өз таңдауымызды білдірдік. Алдағы уақытта еліміздің білім беру саласы одан әрі дамып, ұстаздар мен оқушыларға жасалып жатқан мүмкіндіктер арта түседі деп сенеміз, – деді аудандық білім бөлімі басшысы.
Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы