23.08.2026, 19:04
Оқылды: 16

Қараөзендік тұрғындар елдің болашағы мен ауылдың өркендеуіне сенім білдірді

Қазталов ауданының Қараөзен ауылында ел болашағына қатысты жауапты шешім қабылданатын маңызды күні әр азамат өз таңдауын жасауда.

WhatsApp Image 2026-08-23 at 20.09.23 (1)

«Қаладан – ауылға» бағдарламасы арқылы осы ауылға қоныс аударған Болашақ Өмірзақов пен Асемжан Тасқали балаларымен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.

Ауылға келіп, жаңа ортаға бейімделіп, елді мекеннің тыныс-тіршілігіне белсене араласып жүрген отбасы бұл күннің мәні айрықша екенін атап өтті. Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып еңбек ететін Болашақ Асқарұлы мен Қараөзен мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Асемжан Жәрдемғалиқызы бұл жерді өздеріне жаңа мекен, балаларына туған ауылдай қабылдағандарын жеткізді. Олар бүгінгі Құрылтай сайлауында дауыс беру арқылы еліміздің және ауылымыздың болашағына деген өз көзқарастарын білдіргендерін, балалардың жарқын келешегі, елдегі тұрақтылық пен бірлік әр отбасы үшін маңызды екенін айтып, отбасымен бірге азаматтық парыздарын орындады.

WhatsApp Image 2026-08-23 at 20.09.23

Сонымен қатар Президент жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған байырғы тұрғын, Қараөзен мектеп-лицейінің тарихына өшпес ізін қалдырған Әлия Хайруллина №247 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.

Өмір бойы ұрпақ тәрбиелеген тәжірибелі педагог бұл күннің ел тарихындағы елеулі сәт екенін атап өтіп, Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көргісі келетінін жеткізді. Сондай-ақ ол алақандай ауылда тұратын қарапайым азаматша ретінде еліміздің жаңару бағытындағы қадамы құтты болып, ауыл-елдер заман талабына сай дами берсін деген ақ тілегін білдірді.

Әдемі Оразғалиева,

Қыдыр Харесұлы,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале