23.08.2026, 20:00
Оқылды: 18

Жайық жұрты Құрылтай сайлауында белсенділік танытты

Батыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталды. Таңдау жасау үшін таңнан сайлау учаскелеріне ағылған тұрғындар саяси науқанға белсенді қатысты. Өңірдегі барлық учаскелер өз жұмысын аяқтап, енді дауыстарды санау басталды, деп хабарлайды БҚО ӨКҚ.

жп құрылтай сайлауы (6)

Фото: zhaikpress.kz

Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, облыста дауыс беру құқығына ие 450 мың азаматтың сайлауға қатысуы күтілді. Өңір бойынша 488 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Дауыс беру барысының ашықтығы мен заң талаптарының сақталуын 21 қоғамдық бірлестік өкілдері және тәуелсіз байқаушылар бақылады.

Сайлау күні ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың да өз таңдауын жасауына мүмкіндік берілді. Учаскелер пандустармен, тактильді жолақтармен және қажетті құралдармен жабдықталды. Қозғалысы шектеулі тұрғындар үшін облыс бойынша 55 «Инватакси» көлігі қызмет көрсетті. Ал есту қабілеті төмен азаматтарға сурдоаудармашылар көмектесті.

Дауыс бергендердің қатарында өңір басшысы Нариман Төреғалиев те болды. Облыс әкімі Орал ақпараттық технологиялар колледжіндегі №521 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып, дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бүгін ел тарихындағы тағы бір елеулі оқиға - жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауында таңдау жасап жатырмыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр азаматтың дауысы маңызды», – деді Нариман Төреғалиев.

Сайлау тек дауыс берумен шектелген жоқ. Өңір аудандарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрғындарға жергілікті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жасалды. Ал сайлау учаскелеріндегі фотозоналар тарихи күнді естелікке айналдырған.

БҚО Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беру барысында заңбұзушылықтар тіркелмеген.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале