Жәңгір хан университетіне Бразилия Федеративтік Республикасының делегациясы келді.
Шетелдік делегация құрамында Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Марсель Биато Фортуна, Бразилия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы құрметті консулы Алексей Щербинин және «ZebuEmbryo» компаниясының аға коммерциялық директоры Умберто Роса болды. Айта өтелік, сапардың мақсаты – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен танысу әрі стратегиялық ынтымақтастықты дамыту және нығайту.

Делегация өкілдері Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметовпен кездесіп, білім ордасымен танысты.
Одан кейін сапардың маңызды бөлігі – Батыс Қазақстан облысының басшылығымен кездесуде ауқымды мәселелер талқыланды. Жиынға БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин қатысты. Сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, онда өңірдегі жиырмадан астам шаруа қожалығының жетекшісі бас қосты.

– Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бастамасымен Бразилияның Қазақстандағы елшілігінің қызметкерлері және бразилиялық кәсіпкерлермен кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – «Қазақстанда 2030 жылға дейін мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын» іске асыруда қарастырылған мақсатты іс-шаралар аясында Батыс Қазақстан облысында жобаларды іске асыру. Соның ішінде Бразилиядан асыл тұқымды мал түрлерін әкеліп, біздің өңірде карантиндік аумақ құру және әкелген аналық малды қолдан ұрықтандыру жұмысын жүргізіп, өзіміздің аймаққа және көршілес облыстарға тарату. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы, ауыл шаруашылығы құрылымдарының арасында үнемі байланыс бар. Соның ішінде ғылыми жобаларды енгізу, өндірісті сүйемелдеу бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі кездесуді университеттің ауыл шаруашылығына жаңашылдық енгізу әрі жаңа жобаларды жүзеге асыруға деген бастамаларының бірі деп атап өтуге болады. Бұл кездесу өте жақсы деңгейде өтті. Алда жемісті нәтиже күтеміз. Басқосу жақсы жобаларды жүзеге асыруға бастама болады деген сенімдемін, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.
Сондай-ақ ол «Игілік» және «Береке» бағдарламалары туралы сөз қозғап, кездесуге қатысқан шаруалар жөнінде айтты.
– Бүгінгі кездесуге ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да қатысты. Аталған ауыл шаруашылығы құрылымдары шетелден асыл тұқымды мал әкелу бағытында жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бразилиядан келген кәсіпкер Умберто Роса – асыл тұқымды малды және бұқа тұқымын жеткізуші компанияның басшысы. Аталған шаруа қожалықтарының басшылары бразилиялық кәсіпкерге малды сатып алу мәселесі бойынша сауалдарын қойып, жауап алды. Биыл біздің өңірде мал шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы аясында «Игілік» және «Береке» бағдарламалары басталды. Бұл бағдарламалар аясында кәсіпкерлермен бірге импортталған асыл тұқымды етті бағыттағы ірі қара малын әкелу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 22 ауыл шаруашылығы құрылымы тарапынан 15 мың бас мал әкелуге ниет білдіріліп, «Аqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтінімдер ұсынылды. Алғашқы жобалар мақұлданды. Жақында бірінші қаржыландырылған жобаға сәйкес өңірімізге асыл тұқымды бағыттағы сүтті мал әкелінеді деп жоспарланып отыр. Бұл мал түрі Бәйтерек ауданындағы «Арыстанов» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасына әкелінеді, – деді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы.
Сонымен қатар шетелдік делегация өкілдерімен кездесуде Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту, университет базасында ірі қара мал шаруашылығы бойынша демонстрациялық алаң құру жобасы туралы айтылды.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің баспасөз қызметі