Самар қаласында өткен халықаралық Самара марафонында жерлестеріміз биік белестерді бағындырды. Әртүрлі деңгейдегі жүгірушілер қатысқан додада спортшылар бірнеше қашықтық бойынша бақ сынап, жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылды. Бұл марафонға Батыс Қазақстан облысының, оның ішінде Казталов ауданының намысын абыроймен қорғаған жас желаяқтарымыз қатысып, мерейімізді тағы бір тасытты. Танымал ультрамарафоншы, білікті бапкер Баубек Ілиясовтың баптауымен дайындалған спортшылар халықаралық аренада өз шеберліктерін толықтай дәлелдеді.

Тынымсыз дайындық пен табанды еңбектің арқасында 1586 метр қашықтықта Нұржан Мағжан қарсыластарынан озық келіп, 1-орынды иеленді әрі абсолюттік есепте жеңімпаз атанды. Ал 3 шақырымда Талғат Ерхан жоғары қарқын көрсетіп, 3-орынды қанжығасына байлап, абсолюттік есепте жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сонымен қатар 5 шақырым қашықтықта 14–17 жас аралығындағы спортшылар арасында Қоныспай Бейбарыс оқ бойы озық шығып, 1-орынға ие болды.

Жас спортшылардың бұл жеңісі – ел намысын абыроймен қорғаған үлкен еңбектің қайтарымы. Осы табыстың артында бапкер Баубек Ілиясовтың кәсіби ізденісі, біліктілігі мен жас желаяқтардың төгілген тері тұрғаны сөзсіз.
Жайна Қабиболла,
Казталов ауданы