25.08.2026, 18:00
Оқылды: 6

Егін жинау науқаны - қызу қарқынмен

Биылғы егін орағы шаруалар үшін берекелі басталды. Көктемгі дала жұмыстары кезінде диқандарға қолайлы жағдай туып, жаз бойы қалыпты ауа райы егістіктің бітік шығуына мүмкіндік берді. Қазір аудан көлемінде егін жинау науқаны қызу қарқынмен жүріп жатыр. Диқандардың басты мақсаты - піскен өнімді ысырапсыз жинап, уақытылы қамбаға түсіру.

фото 1 (1)

Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров «Атамұра» шаруа қожалығына арнайы барып, биылғы егін жинау науқанының барысымен танысты. Аудан басшысы егіс алқабындағы жұмыстардың ұйымдастырылуын көріп, шаруашылық еңбеккерлерімен тілдесті.

«Атамұра» шаруа қожалығы - ауданның ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар шаруашылықтардың бірі. Мұнда егін шаруашылығы жүйелі жолға қойылып, заманауи техникалар мен озық агротехнологияларды пайдалану арқылы мол өнім алуға басымдық беріліп келеді.

Қазіргі таңда шаруашылық алқаптарында жасымық жинау жұмыстары қызу жүргізілуде. Диқандар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, піскен өнімді дер кезінде жинауға бар күшін салуда. Дала төсінде техникалар тынымсыз қозғалып, бірінен соң бірі өнімді алқаптан тасымалдауға кірісуде.

Биыл ауа райының да шаруаларға қолайлы болғаны байқалады. Егіннің пісіп-жетілу кезеңінде қалыпты жағдай сақталып, өнімді дер кезінде жинауға мүмкіндік туып отыр. Қазір шаруалар үшін әрбір ашық күн – үлкен мүмкіндік. Өйткені егін орағының қарқыны ауа райына тікелей байланысты. Сондықтан диқандар әр сәтті тиімді пайдаланып, науқанды қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтауға күш салуда.

фото (1)

Аудан әкімі егіс алқабындағы жұмыстарды аралау барысында шаруашылықтың техника дайындығына, өнімді жинау қарқынына және еңбек үдерісінің ұйымдастырылуына назар аударды. Шаруашылық жұмысшыларымен әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Шаруашылық инженері Дәурен Мусралиевтің айтуынша, биыл «Атамұрада» егіннің шығымы көңіл қуантады.

- Шаруашылығымызда 10 мың гектардан астам жер бар. Қазіргі таңда 360 гектар алқапқа егілген жасымықты жинап жатырмыз. Бұл дақыл біздің шаруашылықта биыл үшінші жыл қатарынан егілуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы түсім жақсы. Әр гектардан шамамен 19-22 центнер аралығында өнім алып отырмыз. Жиналған өнімді арнайы аппарат арқылы тазартып, қоймаға жинаудамыз. Кейін өнім экспортқа, оның ішінде Түркияға жөнелтіледі. Бұйырса, бүгін жасымық жинауды толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Шаруашылықта жасымықтан кейінгі кезек ноқатқа тиесілі. Қазіргі таңда 800 гектарға жуық алқапқа егілген ноқатты жинауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Дәлірек айтқанда, ноқатты дестелеу, яғни оруға дайындау жұмыстары басталған. Жасымық жинау аяқталған соң, бір-екі күннің ішінде ноқат орағына кірісу жоспарланып отыр.

фото 4 (1)

Ауыл шаруашылығында өнімді дер кезінде жинау ғана емес, оны шығынсыз әрі сапасын сақтай отырып қамбаға жеткізу де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, «Атамұра» шаруашылығында егін жинау жұмыстары кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, техникалардың жұмысы тиімді үйлестірілуде.

Ноқаттан кейін шаруашылық алқаптарында сафлор жинау жұмыстары қолға алынбақ. Ал қыркүйек айының ортасынан бастап 700 гектарға егілген күнбағысты жинау жоспарланып отыр.

Биыл шаруашылықта күнбағыстың үш түрлі гибриді егілген. Алдын ала жүргізілген бақылау нәтижелері де жаман емес. Шаруашылық мамандарының мәліметінше, қазіргі көрсеткіштер гектарына 15-19 центнер шамасында өнім алуға мүмкіндік бар екенін аңғартады.

Дегенмен табиғаттың тосын мінезі де жоқ емес. Соңғы уақытта жауын-шашынның аздығы салдарынан топырақтағы ылғалдың біршама жетіспеушілігі байқалады. Соған қарамастан, шаруалар жақсы өнім алуға сенімді. Себебі егіннің шығымы тек табиғи жағдайға ғана емес, диқандардың еңбегі мен агротехникалық шаралардың уақытылы жүргізілуіне де байланысты.

Шаруашылықта бір мезгілде бірнеше бағыттағы жұмыстың қатар жүруі - егін науқанының өзіндік ерекшелігі. Бір алқапта өнім жиналып жатса, екінші жерде келесі дақылды жинауға дайындық жасалуда. Ал үшінші алқапта жаңа маусымның қамы қолға алынған. Бұл - диқан еңбегінің маусымға ғана емес, жыл он екі айға созылатын тынымсыз тірлік екенін көрсетеді.

Аудан әкімі Талғат Асқарұлы шаруашылықтағы жұмыстардың барысын оң бағалап, еңбек ұжымына егін жинау науқанын ұйымшылдықпен өткізіп, мол өнімді ысырапсыз жинауға тілектестік білдірді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген барша диқандардың еңбегіне табыс, техникаларына тоқтаусыз жұмыс, қамбаларына молшылық тіледі.

фото 2 (1)

Берекенің бастауы - жерге себілген дән болса, оның қайтарымы - маңдай термен келген мол өнім. Диқандардың ендігі мақсаты берілген  мүмкіндікті тиімді пайдаланып, егінді ысырапсыз жинап, қамбаны астыққа толтыру. Өйткені ел ырысы саналатын мол өнімнің артында қашанда дала еңбеккерлерінің табанды еңбегі мен төзімі тұрады.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале