Қоғамдық көлікпен жүре қалсаңыз, Әбілхайыр хан даңғылы бойындағы «Әскери-техникалық мектеп» аялдамасының атауын естіген боларсыз. Көбіміз аялдама атауын білгенмен, оның маңындағы әскери мектептің тыныс-тіршілігінен мүлде бейхабар болуымыз мүмкін...

Қаламыздағы ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектебі» (ӘТМ) Орал филиалы жастарды екі бағыт бойынша оқытады. Оның біріншісі – 24 жастан асқан азаматтарды 40 күндік әскери даярлықтан өткізу болса, екіншісі – жас сарбаздарға әскери көлік жүргізу дағдысын меңгерту.
Бүгінде елімізде 13 әскери-техникалық мектеп бар. Солардың ішінде материалдық әлеуетпен жан-жақты қамтылған «Әскери-техникалық мектебі» Орал филиалын ерекше атап өтуге болады. Оның негізі 1957 жылы қаланған. «Әскерге, авиацияға және флотқа жәрдемдесу жөніндегі ерікті қоғам» деген қазақша мағына үстейтін әскери мектептің кеңес үкіметі кезеңіндегі «ДОСААФ» атауын жұртшылық әлі ұмытпаған шығар... 2000 жылы ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы шешімі мекеменің жұмысын жандандыруға сеп болды. Мұның басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беріп, олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті ояту. Әскери-техникалық мектеп өз жұмысын бастаған жылдары жас сарбаздарға әскери техниканы меңгерту бағытында білім берді. Қазіргі кезде ӘТМ қарамағында 100-ге жуық курсант-сарбаздың жатақхана (казарма) орны, саптық даярлық алаңы, ауыр техникалар мен жеңіл көліктер, сондай-ақ әскери даңқ мұражайы бар. Өткен аптада жас сарбаздар мен курсанттардың оқу-тоқуымен танысу мақсатында әскери-техникалық мектептегі ант қабылдау іс-шарасына бардық. Алдымен аталмыш мектептің Орал филиалының директоры, доғарыстағы полковник Марат Тоқпаевты әңгімеге тартып едік.
– 40 күндік әскери даярлық бойынша жылына сегіз ауысымда азаматтарды оқытамыз. Қазіргі кезде өткен аптаның жұмасында 6 ауысымды аяқтап, 39 курсант салтанатты ант қабылдады. Осы аптада жаңа ауысым өз жұмысын бастағалы тұр. Әскери даярлықтан өтуге 56 азамат өтініш білдірді. Әскери даярлық бағасы – 545 мың теңгені құрайды. Курсанттар әскери киім, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Оған қоса, 40 күнде екі мәрте полигонға барып, әскери даярлықтан өтеді. Әр курсантқа 76 дана аутомат оғы беріледі. Нысанаға тигізген ұпайын ескеріп, мергендігіне баға қойылады. Азаматтар мұнда бір жылдық әскери өмірді сезіне алады. Еліміздің әр өңіріндегі әскери-техникалық мектептер курсанттарды түрлі негізде даярлықтан өткізеді. Оралдағы біздің филиал барлаушыларды даярлайды.
Көктем мен күз мезгілдерінде ел бойынша жастарды әскерге шақыру науқаны қызады. Әскери өмір – ер азаматтардың бойына жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырып, жауынгерлік шеберліктерін шыңдауға негіз болары анық. Егер жас сарбаз әскерге аттанар алдында Әскери-техникалық мектепте көлік жүргізушісі мамандығына түссе, үш айлық оқуын аяқтаған соң жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндігі мол. Одан кейін әскери бөлімде аутокөлік взводының құрамында қызмет етіп, көлік басқарады. Бұл оқыту курсы Батыс Қазақстан аймағынан алғанда «Әскери-техникалық мектептің» Оралдағы филиалында ғана бар. Мәселен, осы күзгі әскери шақырылымға көршілес Ақтөбеден 20, Маңғыстау 12, Атырау облысынан 12 жас сарбаз үш айлық көлік жүргізу курсынан өтуде. Олар осы мерзімнен соң міндетті түрде әскерге аттанады. Осының нәтижесінде А, В, С1 санаттарының жүргізуші куәлігін еншілейді. 40 күндік әскери даярлыққа келген курсанттарға да, көлік жүргізуші оқуына жазылған жас сарбаздарға да барлық жағдай жасалады.

Әскери-техникалық мектеп меншігінде апатты жағдайдағы ғимарат бар. Қазір ол бос тұр. Алдағы уақытта оны сүріп, орнына әскери-патриоттық тәрбие орталығын салу жоспарлануда. Бүгінде облыс әкімдігімен бірлесе осы жобаға ЖСҚ әзірленуде, – деді доғарыстағы полковник
М. Тоқпаев.
Әскери-техникалық мектептің әр күнінде бөлім қызметкерлері кезекшілікке түсіп, курсанттар мен сарбаздардың тәрбиесі мен сабақтың жоспарға сай өтуін қадағалап отырады. Біз барған күні бұл міндетті әскери-патриоттық тәрбие бөлімінің қызметкері, доғарыстағы подполковник Нұрболат Кенжеғалиев атқарып жүр. Бөлім қызметкері әскерилерге бекітілген сабақ жоспары мен тәрбиелік іс-шараларды айтып берді.
– Курсанттар мен сарбаздар таңғы 06:30-да оянып, жаттығу жасайды. Содан жуынып, таңғы ас ішеді. Әр күнге сарбаздар сапынан асханаға кезекші қойылады. Осы арқылы азаматтарды тазалық пен тәртіпке баулимыз. Әрине, бейбіт еліміздің тыныштығы мәңгілік болғанын қалаймын. Бірақ ер азамат өмірінде аутомат ұстап, оны атып көруі қажет деп есептеймін. Себебі атыс қаруымен жұмыс істеу адамды аса ұқыптылыққа, сақтыққа, жауапкершілікке үйретіп, бойына дағды қалыптастырады. Әскерилерге тәрбиелік іс-шаралар да жүйелі жүргізіліп тұрады. Бүгіндері Әскери-техникалық мектеп Оралдағы Қардыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы, Жастар мәдениет сарайы, М. Мәметова атындағы музеймен тығыз байланыста. 40 күндік әскери даярлықтан өтіп жатқан азаматтар сенбіде сейілдемеге шығады. 24 жастан асқан бұл жігіттер әртүрлі себеппен бір жылдық әскерге бара алмай қалғандар. Олардың кейбіреуі әскери билет алғаннан кейін күштік құрылымдарға жұмысқа орналаспақ. ӘТМ-нен алған әскери билет бір жыл мерзімде борышын өтеген азаматтардың алған билетімен тең дәрежеде қолданылады.
Әскери-техникалық мектеп әлеуетінде сарбаздарды тасымалдайтын екі ауыр техника мен екі жеңіл көлік жұмыс істейді. Бір жылдық әскери қызметке аттанар алдында үш айлық жүргізушілік даярлықтан өтетін жас сарбаздар осы көліктерді жүргізіп, тәжірибелерін шыңдайды. Көліктердің қосалқы бөлшектері уақтылы ауыстырылады, техникалық жағдайы тұрақты бақылауда. Сондай-ақ олар жанар-жағармаймен үнемі қамтамасыз етіледі. Мекеме аумағында арнайы аутодром бар. Мұнда білікті мамандар жас сарбаздарға көлік жүргізудің қыр-сырын үйретіп, тәжірибелік сабақтар өткізеді. Жас сарбаздарды жүргізушілікке даярлайтын курс жыл сайын екі рет ұйымдастырылады, – деді Нұрболат Өтепұлы.
40 күндік әскери даярлықтан өтіп жатқан Байсал Жұмабай белсенділігінің нәтижесінде өзі құралпылардың алды болып, бөлімше командирі атанған. Ол осы уақыт аралығында мол дүние үйренгенін айтып, әскери өмірді сезінгенін жеткізді.
– Биыл жасым жиырма төртке толды. Өзім Орал қаласының тумасымын. Бұған дейін Әскери-техникалық мектепте ағаларым мен таныстарым оқып, әскери билет алды. Оқуыма байланысты 18-20 жас аралығында әскерге бара алмадым. Биылғы жылдың мамыр айында магистратураны аяқтап, 40 күндік әскери даярлықтан өтуге шешім қабылдадым. Мұнда бір күннің әр сағаты мен минутында жоспар бойынша сабақтар өтіп тұрады. Әскери тәртіптің не екенін түсініп, үйрендім. Әрі жаңа достар да таптым, – деді Б. Жұмабай.
24 жастағы Нұрбол Жүгінісов Қызылорда облысының Қазалы ауданынан Оралдағы ӘТМ-ге 40 күндік әскери даярлықтан өтуге келген. Қырық күндік курсты тәмамдағандарға әскери билет беріледі. Нұрбол оны алып, ҚР Ішкі істер министрлігіне жұмысқа кіруді жоспарлап отыр.
– 40 күндік әскери даярлықтан өту 24-35 жас аралығындағы азаматтарға тиімді деп ойлаймын. Бізге берілген білім мен тәрбие алдағы өмір жолында да көмегін тигізеріне сенім мол. Менің мұнда келуімнің мақсаты – әскери билетті қысқа мерзім ішінде алу. Маған Орал қаласы қатты ұнады. Алдағы уақытта да Оралға жиі келіп, осында 40 күнді бірге өткізген достармен-жолдастармен бас қосып тұрсам деп ойлаймын, – деді курсант Н. Жүгінісов.

Иә, Әскери-техникалық мектеп – азаматтарды әскери даярлықтан өткізіп қана қоймай, олардың бойына тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратын маңызды орта екен. Мұнда қысқа мерзімде әскери білім алып, жүргізушілік дағдыны меңгерген жастардың болашақ қызметіне қажетті тәжірибе жинауына мүмкіндік мол. Сонымен бірге әр азамат үшін ел тыныштығын қорғауға дайын болу – абыройлы міндет қой.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»