28.08.2026, 12:15
Оқылды: 18

152 әкімшілік іс бойынша рақымшылық жасалды

Қазақстанның тәуелсіздік тарихында алғаш  рет әкімшілік  құқықбұзушылықтарға  қатысты рақымшылық жүргізілді. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық  жасау туралы заңға сәйкес жүзеге асырылды.

Justice concept

Сурет: istockphoto.com

Оның негізгі мәні – заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін кейбір әкімшілік құқықбұзушылық бойынша салынған айыппұлдарды кешіру. Алайда рақымшылық барлық айыппұлға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, сот шешімімен тағайындалған айыппұлдар және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 275, 277, 278 және 281-баптары бойынша салынған айыппұлдар рақымшылыққа жатпайды. Өйткені бұл баптар салық саласындағы елеулі құқықбұзушылықтарға қатысты. Олардың қатарында салық салу объектілерін немесе мүлікті жасыру, салық міндеттемелерін орындаудан жалтару, салық сомасын әдейі кемітіп көрсету, мұнай өнімдері мен акцизделетін тауарларды өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу талаптарын бұзу бар, – деді БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ермек Алғазиев.

Аталған департаментте әкімшілік рақымшылық 152 әкімшілік материалға қатысты жүргізілді. Осынша әкімшілік материал облыс бойынша заңда белгіленген талаптарға сәйкес келеді. Кешірілген әкімшілік айыппұлдардың шамасы – 11 млн теңге.

Мемлекеттік кірістер департаменті ел заңнамасының талаптарын іске асыру және әкімшілік рақымшылықты қолдану мәселелері бойынша салық төлеушілерді ақпараттандыру жұмысын  жалғастыруда.

Гүлнәр Шәңгерей,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале