1.09.2026, 10:30
Оқылды: 11

Пәтер жалдаймын деп сан соғып қалмаңыз: Баспана іздегендер нені білуі керек? 

Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында пәтер іздеген азаматтардың алаяқтарға алданып қалғаны туралы жазбалар әлеуметтік желіде жиілей бастады. Жалған жалға берушілер баспананың суретін көрсетіп, өзін меншік иесі ретінде таныстырады және алдын ала төлем немесе депозит сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін байланысқа шықпай қояды. BAQ.KZ тілшісі заңгер Асқар Қаймақовтан пәтер жалдау кезінде нені тексеру керегін сұрады.

Key with keychain in a house shape and family in the door keyhole. Buy new home concept. Real estate market.

Сурет: istockphoto.com

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі пәтерді хабарландыру арқылы тауып, өзін үй иесі ретінде таныстырған адаммен сөйлескенін жазған. Оның айтуынша, пәтерде тұрғындар болғандықтан, баспана кейінірек босайды деген жауап алған. Осыдан кейін 120 мың теңге депозит аударған. Алайда ақша түскен соң жалған жалға беруші байланысын үзген.
Осыған ұқсас тағы бір жағдайда пәтер іздеген азаматтар алдын ала төлем жасағаннан кейін жалға беруші қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей қойғанын мәлімдеген. Мұндай жазбалардың көбеюі, әсіресе басқа қалалардан оқуға келген студенттер мен баспана іздеген отбасылар үшін алаңдатарлық жағдайға айналып отыр.
«Пәтерді көрмей ешқандай төлем жасауға болмайды»

Заңгер Асқар Қаймақов пәтерді көзбен көріп, құжаттарын тексермей тұрып ақша аударуға болмайтынын ескертті.

Пәтер иесімен кездеспей, баспананы көзбен көрмей және техникалық паспорт арқылы оны жалға беріп отырған адамның шын мәнінде меншік иесі екеніне көз жеткізбей, ешқандай төлем жасауға болмайды. Егер пәтерді басқа адам ұсынып отырса, оның баспананы жалға беруге құқық беретін нотариус куәландырған сенімхаты болуы қажет, – деді Асқар Қаймақов.

Алайда баспананы өз көзімен көру де мәміленің қауіпсіз екеніне толық кепілдік бермейді. Заңгердің айтуынша, алаяқ пәтерді өзі уақытша жалдап алып, кейін оны басқа адамдарға қайта ұсынуы мүмкін.

Пәтерді өзіңіз барып көрген күннің өзінде оны меншік иесінен жалдап жатқаныңызға толық кепілдік жоқ. Өйткені ол адам баспананы бір айға жалға алып, кейін басқа азаматтарға тәуліктік немесе ұзақ мерзімге қайта ұсынуы мүмкін. Сондықтан пәтерді көрсеткен адамның жеке басын және меншік құқығын растайтын құжаттарды міндетті түрде тексеру керек, – деп түсіндірді заңгер.

Ақшаны қалай аударған дұрыс?

Асқар Қаймақов төлем жасаған кезде ақша кімнің шотына түсіп жатқанын тексеруге кеңес береді.

Төлемді телефон нөмірі арқылы аударған кезде алушы туралы толық мәлімет көрінбеуі мүмкін. Ал банк картасының нөмірі бойынша аударым жасағанда шот иесінің аты-жөнін тексеру мүмкіндігі көбірек. Дегенмен банк, әдетте, шоттың кімге тиесілі екені туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға бермейді. Егер адамның әрекетінен алдау белгілері анық байқалса, бұл қылмыстық іс қозғауға негіз болуы мүмкін, – деді ол.

Сондықтан ақша аударылатын шот иесінің аты-жөні пәтер құжатында көрсетілген меншік иесінің деректерімен сәйкес келуге тиіс. Егер төлемді басқа адамның шотына жіберу ұсынылса, жалға алушы мұның себебін анықтап, тиісті құжаттарды талап етуі қажет.

Шарттағы қандай тармақтарға назар аудару керек?

Заңгер жалдау шартын қол қояр алдында толық оқып, оның талаптарын Азаматтық кодекс нормаларымен салыстыру қажет екенін атап өтті. Себебі кейбір пәтер иелері келісімшартқа заңның міндетті талаптарына қайшы келетін тармақтарды енгізуі мүмкін.

Ең алдымен, жалдау шартын мұқият оқу қажет. Өйткені шарт талаптары онда жазылған мәтіннің тікелей мағынасына сәйкес түсіндіріледі. Алайда пәтер иелері құжатқа заңның міндетті талаптарына қайшы келетін тармақтарды жиі енгізеді. Сондықтан шарт талаптарын Азаматтық кодекс нормаларымен салыстырып қараған жөн, - деді Асқар Қаймақов.

Оның айтуынша, шартты бұзу тәртібіне ерекше назар аудару қажет. Пәтер иесінің жалға алушыға бірнеше күн бұрын ғана ескертіп, баспанадан шығарып жіберуіне мүмкіндік беретін талаптар кейін дауға себеп болуы мүмкін.

Әсіресе шартты бұзу тәртібіне назар аудару керек. Пәтер иесінің жалға алушыға он күн бұрын ескертіп, оны баспанадан шығарып жіберуі заңсыз екенін бірден атап өткім келеді. Жалдау шарты тараптардың келісімімен немесе жалға алушы шарт талаптарын өрескел бұзған жағдайда ғана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін, - деді заңгер.

Мұндай негіздерге жалдау ақысын ұзақ уақыт төлемеу немесе пәтердегі мүліктің жағдайын нашарлату жатады.

Мысалы, жалға алушы үш айдан астам уақыт бойы жалдау ақысын төлемесе немесе мүліктің жағдайын нашарлатса, шартты бұзуға негіз туындайды. Ал пәтер иесінің шартты біржақты әрі өз бетінше тоқтатуына болмайды. Дегенмен бұл мәселеге қатысты сот тәжірибесі біркелкі емес. Кей жағдайда соттар пәтер иесінің уәжін қолдап, шартты осындай тәртіппен бұзуға болады деп таниды, – деп түсіндірді Асқар Қаймақов.

Заңгердің сөзінше, тараптар өзара келісімге келе алмаса, шартты бұзу мәселесі сот арқылы шешілуге тиіс.

Егер тараптар өзара келісімге келе алмаса, шарт тек сот тәртібімен бұзылуға тиіс. Сондықтан құжатта «пәтер иесі жалға алушыға 10 күн, 5 күн немесе бір күн бұрын ескертіп, шартты біржақты тәртіппен бұза алады» деген тармақтардың болмағаны дұрыс. Мұндай талап жалға алушыны кез келген уақытта баспанадан шығарып жіберу қаупін туғызады, – деді ол.

Сонымен пәтер жалдар алдында азамат меншік иесінің жеке куәлігін, баспананың техникалық паспортын және меншік құқығын растайтын құжаттарды салыстырып тексеруі керек.

Егер үйді меншік иесінің өкілі ұсынып отырса, одан нотариус куәландырған сенімхат талап етіледі. Құжаттар тексеріліп, жазбаша келісімшарт жасалмайынша депозит, кепілақы немесе алғашқы айдың төлемін аудармаған жөн.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале