3.09.2026, 15:15
Оқылды: 15

Тауар қаптамасындағы «эко» жазуы шындық па, әлде маркетинг пе? 

Соңғы жылдары көптеген компания өнімдерін «экологиялық таза», «қайта өңделген материалдан жасалған» немесе «жасыл өнім» деп жарнамалай бастады. Алайда кейбір жағдайда өндірушілер өнім құрамына қайта өңделген шикізаттың аз ғана үлесін қосып, бүкіл тауарды экологиялық ретінде таныстырады. Бұл құбылыс «гринвошинг» деп аталады. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген «Greenup.kz» қоғамдық қоры мен «Recycle бірге» экологиялық қозғалысының өкілі, экоинфлюенсер Камила Акимбекова тұтынушылар ең алдымен ақпаратты талдай білуі қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

0983d9c2-249d-4395-bfcd-8516e7bdd469

Сурет: baq.kz

Оның сөзінше, Қазақстанда әзірге қаптамаға қойылатын экологиялық таңбалау талаптары толық қалыптаспаған. Соған қарамастан, өнім қаптамасында қайта өңделген материалдың қандай да бір үлесі болса, бұл компанияның экология мәселесіне назар аудара бастағанын көрсетеді.

Егер қаптамада қайта өңделген материалдың белгілі бір үлесі қолданылса, бұл компанияның қоршаған ортаға қатысты бастама көтергенін білдіреді. Иә, кейде мұндай әрекеттерді гринвошинг ретінде бағалауға болады. Бірақ кез келген, тіпті шағын өзгерістің өзі үлкен нәтижеге алып келуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Камила Акимбекова әлемге танымал компаниялардың бірі пластик бөтелкесінің салмағын бірнеше грамға ғана жеңілдеткенін мысалға келтірді. Оның айтуынша, мұндай ұсақ өзгерістің өзі жаһандық деңгейде пластик шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген.

Бөтелкенің пластигі сәл жұқартылды. Қарапайым ғана шешім сияқты көрінеді. Бірақ миллиондаған дана өнім шығарылатындықтан, нәтижесінде жыл сайын қоршаған ортаға түспейтін пластик көлемі орасан зор болады. Компания үшін бұл экономикалық жағынан тиімді болса, табиғат үшін оның әсері одан да маңызды, – деді ол.

Экоинфлюенсер экологиялық жауапкершілік мәселесінде адамдардың ойлау жүйесін өзгерту қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, көпшілік «бір бөтелкені лақтырсам не болады?» немесе «бір рет қайта өңделмейтін стақанмен кофе ішсем ештеңе өзгермейді» деген көзқараспен қарайды.

Алайда дәл осындай ұсақ әрекеттердің жиынтығы үлкен экологиялық өзгерістерге негіз бола алады.

Біз мәселені басқа қырынан да қарай аламыз. Мысалы, дүкенге барған сайын пакет алмастан, өз шопперімізді пайдалансақ, бір жылдың ішінде жүздеген пакетті үнемдейміз. Бір адам үшін бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ әркім осылай әрекет етсе, нәтиже мүлде басқа болады, – дейді Камила Акимбекова.

Ол экология саласындағы кез келген бастаманың құндылығын төмендетпеуге шақырды.

Тамшыдан теңіз құралады деген қарапайым түсінік бар. Балаларға да осыны үйретеміз. Тіпті кішкентай ғана пластик қақпақты жерге тастамай, сұрыптауға арналған жәшікке жеткізу – маңызды қадам. Әр әрекетіміздің маңызын түсініп, бағалай білсек, қоғамда нақты өзгерістер болады, – деп түйіндеді сарапшы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале