Орал қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Нариман Ақбаров №7 жалпы білім беретін мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесті.

Кездесу жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және ел қорғаудың мәнін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылды.
Ерлік сабағы барысында оқушыларға әскери қызметтің ерекшеліктері, Отан алдындағы борышты өтеудің маңызы және ел тыныштығын қамтамасыз етудегі Ұлттық ұланның міндеттері туралы айтылды.
Кездесуде оқушылар мен өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы арасында еркін әрі мазмұнды әңгіме өрбіді. Полковник Нариман Ақбаров жасөспірімдерге Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен туған жерге, елге және қоғамға деген жауапкершіліктен басталатынын жеткізді.

«Отан қорғау – тек әскери киім киіп, қару ұстау ғана емес. Бұл – ел алдындағы жауапкершілікті сезіну, заңды құрметтеу, қоғамның тыныштығын сақтауға өз үлесіңді қосу. Нағыз патриотизм күнделікті іс-әрекеттен көрінеді. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан білім алып, тәртіпті болып, өз мақсаттарыңа табандылықпен ұмтылыңдар. Елге қызмет етудің әртүрлі жолы бар, ең бастысы – өз ісіңді адал атқару», – деді полковник Нариман Ақбаров.
Кездесу соңында мектептің фойесінде Ұлттық ұланның қару-жарақ үлгілері, әскери қызметшілердің киім-кешек үлгілері және әскердің тыныс-тіршілігін таныстыратын көрме ұйымдастырылды. Оқушыларға Ұлттық ұланның ведомстволық басылымдары – «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы, сондай-ақ Ұлттық ұланның тарихы мен қызметі туралы кітаптар таныстырылды.

Жасөспірімдер әскери техникалар мен жарақтардың ерекшеліктеріне қызығушылық танытып, әскери қызметке қатысты сұрақтарын қойды.
Мұндай кездесулер жас ұрпақтың ел тарихына, әскери қызметке және Отан алдындағы азаматтық борышына деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі