Дәл осы атауда сөзден сұлу бұйым жасаған қазақтың талантты ақыны, жазушысы Ақберен Елгезектің 2023 жылы кітабы шыққаны зерделі оқырманға аян. Былтыр осы ауыл хикаялары топтастырылған повесть желісінде кино түсіріліп, қалың оқырманның жата-жастана оқитын сүйікті шығармасына айналды. Таяуда Орал қаласындағы «Алтын орда» балалар жасөспірімдер театрында аталмыш көркем туындыны арқау еткен қойылымды көріп қайттық.

Монодраманы Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдени ағарту бірлестігіне қарасты «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театрдың өнерпаздары қойды. Моноспектакльдің қоюшы режиссері – Х. Бөкеева атындағы драма театрдың әртісі және аталмыш орталықта «Сахна тілі, сахна қозғалысы» үйірмесінде сабақ беретін Ерсұлтан Мырзағалиев.

Шығармашыл жанның сөзінше, оқу ордасын 2024 жылы аяқтайтын кезде диплом жұмысына Ақберен Елгезектің повесін алып, қойылымға икемдеген. Содан бері монодраманы кемелдендіріп, өңірдің әртүрлі өнер ордасында сахналаған.
– Мен кішкентай кезімде актер боламын деп ойлаған емеспін. Театрға деген махаббатым университет қабырғасында ашылды. Қазір өмірімді театрсыз елестете алмаймын. Қойылымды осымен бесінші рет көрерменге ұсынып отырмыз. Кейбір шығармалар монодраманың тіліне сұранып тұрады. Сол себепті Ақберен Елгезектің повесін таңдадым. Бұл шығармада әркім өзінің балалық шағын көреді. Анаға да, әкеге де, балаға да ой салады, жүрегін тербейді, – деді Ерсұлтан Аманұлы.

Монодрама деп аталып тұрғандай, қойылым бір адамның ішкі сөзі арқылы өрбиді. Жастайынан әкеден жетім қалған бала аяқ астынан ағасының да өліміне куә болады. Анасы өзге адамның етегінен ұстап кете барғандығы жеткіншек баланың ашуын келтіріп, өз сезімімен жалғыз қалдырады. Мұрты енді тебіндеп өсіп келе жатқан жасөспірімнің жалғыздығын қиял мен ой ғана жеңеді. Бала көңілде ақ парақты шимайлап, өлең жазады. Қиялына қанат бітіріп, әлемді бағындырғысы келеді. Жас режиссердің шеберлігі – осы көріністі баржоғы жарты сағаттың көлеміне сыйдырған. Монодраманың ерекшелігі – бір адам ғана ойнамай, ағасына, әкесіне деген сағынышы, қала берді өгей әкесінің зұлымдығын көрген жеткіншектің үрейін, қиялын нақпа-нақ беру үшін төрт бала сөйлейді. Жасөспірім балалардың рөлін Фархат Өмірзақ, Мейрам Махмұд, Ернұр Еркінжан, Қайырлы Серікқали сынды жас әртістер ойнады. Сондай-ақ мюзикл жанрын араластырып, әр баланың монологынан кейін ән шырқалды. Қойылымда айтыс әмбе тартыс жоқ, баланың сезім иірімдері монолог арқылы өрбіді. Режиссер көрерменге әсерлі болсын деген мақсатта болар, әкесі мен ағасының қайтыс болғанын естірту үшін кілем орайды.

Қойылымда көрермен толқып, көз жасына ерік беріп, өздері де бір сәтке балалық шаққа барып қайтқандай болдық дейді.
– Жазушы өмірде болған жағдайды еш бояусыз жазған. Көркемдігінен бұрын, астарында да бір адамның қилы тағдыры жатыр. Сол себепті оқып отырып, өз балалық шағыңыз көз алдыңызға келеді. Шығарма адамды озбырлықтан жирендіріп, айналаңыздағы жақын адамдардың қадірін білуге, оларды сыйлауға үйретеді. Бүгінгі қойылым көркем шығарманың негізгі мазмұнын жеткізе алды. Көлемді шығарманы жарты сағаттық қойылымға икемдеуде режиссердің тыңнан түрен салған ұтымды шешімі деуге болады. Бұл қойылым біздің өлкеде ғана шектелмей, өрісі кеңейіп, Астана, Алматы сынды үлкен қалаларда қойылуы керек деп ойлаймын, – деді М. Өтемісов атындағы БҚУ-да режиссура мамандығы бойынша оқып жүрген студент Әдемі Асқар.
Перизат Тілегенқызы,
«Орал өңірі»