«Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысу мерзімі 27 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл – әр азаматқа бастамаға қосылып, кітап оқуға, ой бөлісуге және өз үлесін қосуға берілген қосымша мүмкіндік. Марафон туралы егжей-тегжейлі брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова мен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова айтты.
2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы міндеттерді жүзеге асырудың нақты тетіктерінің бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Президент «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде зияткер ұлтқа айнала алады» деп атап өткен болатын.

– Бұл – ауқымды ұлттық марафон. Марафон аясында 20 өңірден 2 миллион қатысушыны қамту, 10 мыңнан астам іс-шара өткізу және халықтың кемінде 10 пайызын кітап оқу қозғалысына тарту көзделген. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» – жай ғана кітап оқу байқауы емес, еліміздегі оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді қоғамдық жоба. Марафонға қоғамның әртүрлі әлеуметтік және жас ерекшелік топтары қамтылады. Атап айтсақ, «Кітап оқитын мектеп» – 6-10-сынып оқушылары, «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары, «Кітап оқитын әулет» – 3-5 адамнан тұратын отбасылық командалар. Сондай-ақ «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттері, «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттері, «Кітап оқитын зияткер» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азамат, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік құрылым өкілдері. Ортақ мақсат – кітап оқуды белгілі бір топтың ғана емес, бүкіл қоғамның күнделікті мәдени дағдысына айналдыру, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Айта кетсек, биыл тамыз-қыркүйек айларында жобаға қатысушыларды тіркеу науқаны өтуде. Бүгінде облыс бойынша 48 815 қатысушы тіркелген. Жоба алты айға жоспарланған. Әр қатысушы бекітілген әдебиеттер тізімінен 15 кітап оқуы тиіс. Яғни марафонның басты шарты – кітапты жай ғана оқу емес, оның мазмұнын түсіну, әдеби шығармамен жұмыс жасау және оқығанын интеллектуалдық сайыста көрсете білу. Жоба төрт негізгі кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, алдымен қатысушыларды тіркеу, кейін арнайы платформада өз бағытына сәйкес бекітілген кітаптар тізімін алады. Оған қоса алты ай көлемінде кітап оқу марафоны өтеді. Одан кейін тестілеу кезеңінде оқыған шығармаларды қаншалықты меңгергенін анықтауда онлайн бағалау жүргізіледі. Нәтижесінде үздік қатысушылар команда құрамына іріктеледі. Соңғы кезең – финал және марапаттау. Республикалық деңгейде интеллектуалдық квиздер ұйымдастырылып, үздік қатысушылар мен командалар анықталады. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаз-жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады. Яғни 1-орын – 600 000 теңге, 2-орын – 450 000 теңге, 3-орын – 300 000 теңге. Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

– Марафонда әр бағыттың жас және кәсіби ерекшелігі ескеріліп, 15 кітаптан тұратын арнайы тізім әзірленді. Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық ауторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді. Бұл жердегі маңызды бір мәселе, жоба тізіміне енгізілген кітаптар қатысушыларға тегін таратылатын кітаптар ретінде қарастырылмайды. Оған қолжетімділіктің бірнеше жолы бар. Біріншіден, тізімдегі кітаптардың бір бөлігі Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасында ашық қолжетімді. Екіншіден, кейбір кітаптар жоба серіктестерінің цифрлық платформаларында, соның ішінде Яндекс Книги және Kitap.kz платформаларында қолжетімді. Үшіншіден, қажетті кітаптарды мектеп, қалалық, аудандық және облыстық кітапханалардан, сондай-ақ кітап сауда ұйымдарынан алуға болады. Бұл ретте кітапханаға немесе кітап дүкеніне баруды тек кітап алу қажеттілігі ретінде емес, тұрақты оқу дағдысын қалыптастырудың бір бөлігі ретінде қарастырған жөн.
Бүгінде кітапханалар ұсынылған кітаптар тізіміндегі басылымдардың қорда баржоғын тексеріп, оқырмандарды қабылдауға дайын. Жобаның ақпараттық қолдауы да күшейтіледі. Қоғамды кеңінен ақпараттандыру мақсатында өңірлік деңгей бойынша Instagram желісінде жүргізілуде (https://www.instagram.com/reaiding_nation_bqo?stkn=ZGV1bnBzeXg1amdj), – деді Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Аяпқызы.
Бүгінгі таңда жоба бойынша қазақ тілінде 11 кітап, орыс тілінде 18 кітап қорда жоқ екені анықталды. Кейбірінің электронды нұсқасы бар. Дәстүрлі және электронды нұсқада қазақша алты кітап, орыс әдебиеті бойынша тоғыз кітап табылмады. Жұбан кітапханасы өзге өңірлердегі кітапханалардан аталмыш кітаптардың электронды нұсқаларын алдырып, оқырмандарға қолжетімді ету бағытында жұмыстануда. Сонымен қатар кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және қатысушылардың өзара пікір алмасуына жағдай жасау мақсатында кітапханаларда кітап талқылауларының, ақын-жазушылармен, оқырман жастармен кездесулерінің тұрақты кестесін қалыптастыру жоспарлануда. Бұл алаңдар алдағы уақытта оқырман клубтарының тұрақты жұмысын ұйымдастыруға және кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталмақ.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»