
Сурет: istockphoto.com
Tengri Health авторлық бағанында резидент-хирург Ботагөз Каукенова пациенттердің медициналық кеңес алу үшін неге ЖИ-ге жиі жүгінетінін және әрқашан қолжетімді "дәрігердің" медицинаны қалай өзгертіп жатқаны туралы ой қозғайды.
Денсаулық мәселесін жасанды интеллектпен талқылау жаппай сипат алып барады. Бұл құбылысты белгілі бір география немесе демографиялық топпен шектеу қиын. ЖИ чаты интернетке қосыла алатын кез келген адамға қолжетімді.
2026 жылдың маусымында Pew Research Center (Американың тәуелсіз зерттеу орталығы) 3488 ересек америкалық арасында сауалнама жүргізді: олардың 34 пайызы келесі медициналық тапсырмалардың бірі үшін кем дегенде бір рет чат-ботты пайдаланғанын мойындады:
- 25 пайызы симптомдардың себебін түсінуге тырысқан,
- 20 пайызы талдау нәтижелерін талдаған,
- 15 пайызы ЖИ көмегімен дәрігерге бару-бармау туралы шешім қабылдаған.
OpenAI мәліметінше, 2026 жылдың маусымында аптасына 230 миллионнан аса адам денсаулық туралы сұрақ қойса, ал шілдеде бұл көрсеткіш 300 миллионнан асқан. Тәуелсіз дереккөздер де ұқсас жағдайды көрсетіп отыр.
Nature Health басылымындағы жарияланым авторлары 109 елдегі Microsoft Copilot-пен денсаулық туралы 1,7 миллион анонимді әңгімеге талдау жасаған. Олар халықтың ауруханаларға сенімінің төмендігі мен денсаулық мәселелері бойынша чат-ботқа жүгіну үлесінің жоғарылығы арасындағы байланысты анықтады. Сонымен қатар, авторлар зерттеудің елдер деңгейіндегі өзара байланысты ғана көрсететінін, бірақ оның себеп-салдарлық байланысын дәлелдемейтінін баса айтады.
Бұл тұста көптеген дәрігерде түсінікті, тіпті тіксіну тудыратын реакция пайда болады: ЖИ қателеседі, пациентті көрмейді, оған диагноз бен емдеуді сеніп тапсыруға болмайды. Бұл - шындық.
Мәселе мынада: "ChatGPT-ді қолданбаңыз" деген сөз пациенттермен қарым-қатынас стратегиясы ретінде қазір тиімсіз болып қалды. Алдымен адамдар басқалардан кеңес сұрады, кейін форумдарда отырды, кейінірек симптомдарды Google-дан іздеді.
Яғни, медициналық кеңесті дәрігерден емес, басқа жерден алуға деген ұмтылыс ChatGPT пайда болғанға дейін де болған. Сондықтан басқа сұрақ әлдеқайда қызықты: неге дәл ЖИ осындай тартымды бәсекелеске айналды?
Жауаптың бір бөлігін KFF сауалнамасы деректеріннен алуға болады. Ол денсаулық туралы ақпарат немесе кеңес үшін ЖИ-ді пайдаланған америкалықтар арасында жүргізілген.
Зерттеу авторлары мәліметінше:
- 65 пайызы негізгі себептердің бірі ретінде ақпаратты дереу алу мүмкіндігін атаған,
- 41 пайызы дәрігерге бару туралы шешім қабылдамас бұрын мәселенің мән-жайын түсінгісі келген,
- 36 пайызы нәзік сұрақтарды құпия түрде қоюды қолайлы көрген,
- 19 пайызының дәрігер қабылдауына қаржылай жағдайы келмеген,
- 18 пайызының "өз" дәрігері болмаған немесе қабылдауға жазыла алмаған.
Бұл себептер қазақстандық пациентке де таныс. Әсіресе, адам қай маманға барарын білмей немесе дәрігер табу оңай емес болып, кезек күту керек екенін түсінгенде, жауапты дереу алу мүмкіндігі өте тартымды көрінеді.
Бірақ назар аударыңыз: аталған себептердің ешқайсы "мен ЖИ-ді дәрігерден ақылды деп санаймын" деген мағынада емес.
Жай ғана ЖИ-ден түнгі сағат бірде де сұрауға болады, ол ашуланбайды, осыдан бес ай бұрын не айтқаныңызды жадында сақтайды және бірінші сұраққа қалай жауап берсе, келесі 20 нақтылаушы сұраққа да дәл сондай ықыласпен жауап бере алады.
Бірақ ЖИ-дің басты ерекшелігі - ақпаратты синтездеу қабілетінде. Адам симптомдарды Google-дан іздегенде, іздеу жүйесі ондаған сілтеме ұсынатын: аурухана сайты, дәрігердің блогы, БАД жарнамасы, неше түрлі күмәнді форумдар.
Біз бұрын да мұның бәрін өз бетімізше оқып, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалап, қорытынды жасап, шешім қабылдай алатынбыз.
Бірақ қазір бұл тым қиын әрі ұзақ көрінеді - егер тәулік бойы жұмыс істейтін көмекші ЖИ болса, неге күш пен уақыт жұмсау керек? Сұранысты дұрыс тұжырымдасаңыз болғаны, ол жауабын береді.
Бұрын әртүрлі дереккөздерді өз бетінше оқитын адам ақпараттағы қайшылықтарды көріп, оны белгілі бір сигнал ретінде қабылдайтын: мұнда бәрі түсініксіз, қосымша тексеру керек.
Генеративті ЖИ, егер оны алдын ала нақты баптап алмаса (ал мұны бәрі бірдей істей алмайды), дәл сол қайшы келуі мүмкін дереккөздерді алып, олардан біркелкі, тіпті жекелендірілген жауап құрастырады, сондықтан оның дәлсіздігіне күмәндану қиын.
Міне, осы жерде генеративті ЖИ-дің мықты тұсы бір мезетте оның әлсіз тұсына айналады.
Адам әлі де бағалауды қажет ететін ақпарат жиынтығын емес, өз жағдайына қатысты дайын интерпретацияны алады. Ал ақпаратты түсінуге тырысу мен медициналық шешім қабылдауға көмектесудің арасы өте жақын.
"Диагнозды түсіндіріп бер" және "диагноз қой": бұл ұғымдарды ажырату неге маңызды?
"Маған диагнозды түсіндіріп бер" және "маған диагноз қой" деген тіркестер ұқсас естілгенімен, шын мәнінде олардың арасы жер мен көктей. Медицина тұрғысынан бұл - мүлдем екі бөлек міндет және ЖИ моделі оларды әртүрлі сапамен орындайды.
2026 жылдың ақпанында Mount Sinai жанындағы Икан медицина мектебінің зерттеушілері медицинаның 21 саласы бойынша 60 клиникалық сценарий әзірледі. Әр сценарий 16 түрлі жағдайда ChatGPT Health арқылы "өткізілді" - жалпы алғанда 960 сұраныс алынды.
Жүйе ұсыныстары клиникалық нұсқаулықтарға сүйенген үш тәуелсіз дәрігердің келісілген бағасымен салыстырылды. Нәтижесінде не болды?
Жүйе инсульт пен анафилаксияны дұрыс анықтады, бірақ, мысалы, диабеттік кетоацидоз бен өршіп бара жатқан тыныс алу жеткіліксіздігі кезінде шұғыл көмек қажет болса да, жақын арадағы "бір-екі тәулікте" дәрігерге көрінуге кеңес берді. Жалпы алғанда, ChatGPT Health модельденген шұғыл жағдайлардың 52 пайызында қауіп деңгейін төмендетіп көрсетті.
Иә, ЖИ кейбір жағдайларда жақсы жұмыс істеп, басқаларында қателесуі мүмкін - мұны қазір бәрі түсінеді және қабылдайды. Бірақ адам өмірі қыл үстінде тұрған жерде ЖИ-дің бір ғана қате диагнозы - тәуекелді жете бағаламау үшін тым жоғары құн.
ЖИ адам туралы оның өзі айтқан ақпаратты ғана біледі
Тағы бір байқалмайтын мәселе неде? ЖИ-ге не айту керек екенін тек сіз шешесіз.
Дәрігер сізге қарайды, жағдайыңызды бағалайды, сұрақтар қояды, жалпы көріністі жинақтайды және бастапқы гипотезаны бірден өзгерте алады. Сіз ЖИ-мен сөйлескенде нені хабарлау маңызды екенін білмеуіңіз мүмкін - нәтижесінде толық емес мәліметтерге негізделген жауап аласыз. Оның үстіне, жасанды интеллект моделі бастапқы түскен сұранысқа бейімделеді.
Көрінбей қалатын қателіктер
Тағы бір өте маңызды сәт: иә, ЖИ де, дәрігерлер де қателеседі. Мен олардың жиілігін салыстырмаймын, өйткені қателіктер бірдей емес - оларды жай ғана салыстыруға болмайды.
Бірақ дәрігер қателескенде ауру тарихында жазба, медицина қызметкерінің тегі, оның ұсыныстары мен іс-әрекеттері қалады. Әрине, дұрыс емес ем әрқашан байқала бермейді немесе талқыланбайды. Дегенмен, бұл жауап сұрай алмайтын ЖИ ұсыныстарынан әлдеқайда жақсы.
Мен біздің медицинаны идеалдандыруға тырыспаймын және оның мәселелерін жақсы көріп тұрмын. Дәрігердің қарауы анамнездің сапалы жиналуына да, дұрыс диагнозға да, тиісті емге де кепілдік бермейді.
Кейде пациентке жүйенің дұрыс істемеуіне байланысты дәрігерден дәрігерге жүгіруге тура келеді. Бұл - ЖИ-дің тартымдылығының бір себебі. Бірақ маңызды айырмашылық мынада: медицинада кем дегенде шешімді қайта тексерудің әлеуетті механизмі бар. Чат-ботпен жеке хат алмасу көбінесе бұл шеңберге мүлдем кірмейді.
Дегенмен дәрігердің қатесі материалдық әлемде бар. Ал ЖИ қателескенде, бұл жүйеден тыс қалады. Бұл туралы ешкім білмеуі мүмкін, ең алдымен пациенттің өзі. Өйткені диагноз туралы алғаш сұрағанда ЖИ-дің дұрыс жауап берген-бермегенін тексеру үшін ешкім өткен қарашадағы чатты ақтармайды. Десе де, чат-боттар өз қателіктерін мойындап, олар үшін кешірім сұрауды жақсы біледі.
Жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары белсенді енгізіліп жатқан Қазақстан медицинасы үшін бұл - болашақ туралы дерексіз пікірталас емес. ЖИ қазірдің өзінде дәрігер мен пациент арасындағы қарым-қатынасқа әсер ете бастады, сондықтан мұны жұмыс барысында қалай ескеру керек екенін түсіну өте маңызды.
Қазақстанда дәрігер мен пациент арасындағы қарым-қатынас қалай өзгеруі керек?
Меніңше, дәрігердің жаңа міндеті - пациентті ЖИ-ден ештеңе сұрамауға көндіру емес, бұл сұхбатты ашық жүргізу. Қабылдау кезінде былай деп сұрау қажет:
- "Осыған дейін не іздедіңіз? Чат-бот сізге не деп жауап берді?"
- "Соның негізінде қандай шешім қабылдадыңыз?"
Бұл сұрақтар адамның қателігін бетіне басу үшін емес, оның қабылдауға қандай түсінік, қорқыныш және үмітпен келгенін ұғу үшін керек. Кейде пациент өзіне-өзі диагноз қойып, тағайындалған дәріден бас тартып үлгереді немесе керісінше, қауіпті симптомдарға мән бермеу керек деп өзін сендіреді. Сұрамасақ - білмейміз.
Біз ChatGPT дәрігер емес екенін қанша қайталасақ та, егер пациент кеңес алғаннан кейін диагнозын, емдеу логикасын түсінбесе және қайта қашан қаралу керек екенін білмесе, ол бәрібір Google немесе ЖИ болсын, басқа жерден түсініктеме іздейді.
Бұл ретте дәрігер пациентті сөкпеуі тиіс. Сенім тек дәрігер болғаныңыз үшін ғана пайда бола салмайды. Ол адамға "орынсыз" сұрақ қоюға мүмкіндік берілгенде, күрделі дүниелер қарапайым тілмен түсіндірілгенде және алдағы қадамдар бірлесе талқыланғанда қалыптасады.
Себебі, егер дәрігер ақпаратты анық жеткізе алмай, оның үстіне көмек сұрап келген адаммен салғыласатын болса, пациент түсініктеме іздеп басқа жаққа кетеді. Басқа дәрігерге барса - жақсы.
Бірақ, көбіне пациент өзін жақсы түсінетін және сұрақтарына үнсіз, сабырмен әрі кінәламай жауап беретін құралмен сөйлесуді жалғастыра береді.
Мүмкін, қазіргі медицина үшін басты мәселе пациенттердің неге ЖИ-ге сенетіндігінде емес, одан біз бермеген нені алатынында болар? Уақыт па, назар ма, түсінікті тіл ме, қауіпсіздік сезімі ме әлде ыңғайсыз немесе ақымақ болып көрінуден қорықпай сұрақ қою құқығы ма?