Ақжайық ауданының табиғатын зерттеп жүрген жерлесіміз, эколог әрі ардагер ұстаз Ерлан Құсайынов бұл жолы тіл саласындағы еңбегімен қуантты. Күні кеше Астана қаласында қорытындыланған республикалық терминшілер байқауында ол І орын иеленді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңының жұмысы аясында ұйымдастырған байқаудың мақсаты – терминдердің мемлекеттік тілдегі қолданысын жүйелеу, қазақ тілінде термин қалыптастырудың ұтымды жолдарын іздеу, ұлттық сипаттағы терминдердің үлесін арттыру және кәсіби терминшілер қатарын қалыптастыру.
Байқау шарты бойынша қатысушылар бұрын бекітілмеген кірме терминдерге қазақша балама ұсынып, оның тілдік нормаларға сәйкестігін, мағыналық дәлдігін негіздеуі керек. Сондай-ақ терминнің дефинициясы нақты әрі ғылыми тұрғыдан дәл берілуі талап етілген.
Ерлан Құсайынов байқауға құс атауларына қатысты бес терминдік ұсыныс әзірлеген. Атап айтқанда, «Птицы-мыши» атауына – «Обырқұстар», «Страусообразные» атауына – «Түйеқұстектестер» деген қазақша балама ұсынған. Ал құстың жекелеген түрлеріне қатысты «Крапивник» – «Үңгірек, тарғылтай», «Турухтан» – «Күжіркей», «Варакушка» – «Алабұлбұл» атауларын ұсынған. Материалда әр терминнің орысша, ағылшынша және ғылыми атауы, сондай-ақ дефинициясы көрсетілген.
Бұл терминдердің табиғаттанушы маманның ізденісінен туындауы заңды. Ерлан Нағымұлы ұзақ жылдар бойы туған өлкенің флорасы мен фаунасын зерттеп, осы бағытта біраз жинақтарды жарыққа шығарды.
Табиғаттың әрбір атауында халықтың танымы, тарихымыз бен ұлттық ұғым астасып жатыр. Сол атауларды түгендеп, ғылыми айналымға ұсыну – тілге де, туған жерге де қызмет етудің анық белгісі. Көп жылдан бергі ізденістің жемісі деп бағалаймыз Е.Құсайыновтың кезекті жеңісін.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы