Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында өңірлердегі құрылыс жұмыстарының сапасына, соның ішінде жол саласына қатысты маңызды міндеттерді атап өтті.

«Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр.
Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жол саласындағы ахуалға да тоқталды.
«Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында да бірнеше бағытта жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жол сапасын бақылау, құрылыс жұмыстарының талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту мәселесінің маңызы арта түсуде.
Президенттің сөзінің толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтынан танысуға болады:
Ақорда: https://www.akorda.kz/
ЖАСҰО РМК БҚО филиалының баспасөз қызметі