28.09.2026, 15:00
Оқылды: 10

Қолдау-көмек күтетін аналар көп

Оралда «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы ауқымында балалардың құқығы мен мүддесін қорғауға арналған «Ашық есік» күні өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру, балалардың мүддесін қорғауға бағытталған нақты көмек көрсету.

DSC04992

Қабылдауға «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Сафималиев, облыстық мәслихат депутаты Софья Ізмұханбетова, партияның «Әйелдер қанатының» төрайымы Нұргүл Ашықова қатысты. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, жұмыспен қамту, әділет, полиция және тұрғын үй салаларының жауапты мамандары да болды.

– «Әділет» партиясы жанындағы «Әйелдер қанаты» жүйелі әрі жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан мұндай кездесудің маңызы зор деп есептеймін. Бүгін біз өңір әйелдерімен бетпе-бет кездесіп, оларды не толғандыратынын, қандай мәселелерге баса назар аудару қажет екенін тыңдап отырмыз. Бұл – әйелдердің бүгінгі тыныс-тіршілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін  маңызды  алаң.

«Ашық есік» күнінің тағы бір ерекшелігі – мұнда түрлі саланың мамандары қатысып отыр. Яғни әйелдер өз мәселесін айтып қана қоймай, оны шешуге жауапты мамандардан нақты кеңес ала алады. Менің ойымша, әйелдерге қолдау көрсету арқылы біз отбасының әл-ауқатын, балалардың болашағын да қамтамасыз етеміз.

Өйткені әйел дегенде оның артында отбасы, бала тәрбиесі және келешек ұрпақ тұр. Сондықтан олардың мәселесіне бейжай қарауға болмайды, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Софья Ізмұханбетова.

– Негізгі мақсатымыз – отбасында қиындыққа тап болған аналардың құқығын қорғап, оларға көмек көрсету.

Жалпы, Отбасы күніне орай облыстық «Әйелдер қанаты» тарапынан бірқатар іс атқарылды. Атап айтқанда, Отбасын қолдау орталығына барып, бірнеше отбасыға, соның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсетіп, арнайы ісшаралар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Отбасын қолдау орталығынан екі отбасы іріктеліп, «Анаға бір сағат» бағдарламасы аясында жұмыс жүргізілуде. Бұл бастаманың ерекшелігі – көпбалалы анаға тек материалдық тұрғыдан ғана емес, моральдық-психологиялық жағынан да қолдау көрсету. Сондай-ақ психологиялық тренингтер өткізіліп, олардың көңіл күйіне, өз-өзіне деген сенімін арттыруға көңіл бөлінеді.

Одан бөлек заманауи сән үлгісіне сай киім таңдау, сұлулық салондарына бару секілді іс-шаралар ұйымдастырылып, аналардың күтіміне жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы шараларды алдағы уақытта да бірнеше рет ұйымдастырып, жүйелі түрде жалғастырамыз деген ойдамын.

Ең бастысы, аналар өздерін жалғыз сезінбеуі керек. Оларға уақтылы қолдау көрсетіп, мәселесін шешуге бірге атсалысуымыз қажет, – деді «Әділет» партиясы филиалының жанындағы «Әйелдер қанатының» төрайымы Нұргүл  Ашықова.

Іс-шарада азаматтар балалардың құқығын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқықтық мәселелер, атқарушылық іс жүргізу және тұрғын үй мәселелері бойынша өз сауалдарын қойды. Мамандар олардың мәселелерін тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында түсіндіру жұмысын жүргізді.

«Ашық есік» күніне келген тұрғындардың бірі – төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Дамира Ғұбашева. Оның айтуынша, бүгінде отбасы үшін ең өзекті мәселе – тұрғын үй.

– 2021 жылдан бері ерекше баламмен тұрғын үй кезегінде тұрмын. Осы уақытқа дейін екі рет банкке құжат тапсырдым. Алайда «Отбасы банк» арқылы баспана ала алмадым. Нақты себебін сұрасам, менеджерлер банкроттыққа байланысты болуы мүмкін дейді. Сондықтан осы мәселенің нақты жауабын білгім келеді. Банкроттыққа байланысты тұрғын үй алуға мүлдем мүмкіндік жоқ па, әлде белгілі бір мерзім өткеннен кейін қайтадан өтініш беруге бола ма?  деген  сұрағым  бар.

Қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын. Төрт балам бар. Үлкені студент, екіншісі – ерекше бала, тағы екі кішкентайым бар. Жұбайыммен ажырасқанмын. Қазіргі таңда жұмыс істемеймін, себебі ерекше баламның күтімімен үйде отыруға тура келеді. Сондықтан баспана мәселесінің шешілуі мен үшін өте маңызды. Сонымен қатар ерекше баламның білім алуына қатысты да сұрақтарым бар. Бір сыныптан келесі сыныпқа ауысуы, оқу бағытын өзгертуге бола ма, қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын білгім келеді. Денсаулығына байланысты МРТ-дан, медициналық тексерулерден кезексіз өту және ерекше балаларға қарастырылған жеңілдіктер жөнінде де мамандардан кеңес алуға келдім. «Ашық есік» күніне келгенімнің себебі де осы. Мен үшін ең бастысы, балаларыма қолайлы жағдай жасап, тұрақты баспанаға қол жеткізу. Осындай қабылдаулардың ұйымдастырылуы – біз секілді отбасыларға үлкен көмек, – дейді Дамира Ғұбашева.

Бала құқығы мен отбасы мәселесі – бір-бірімен тығыз байланысты ұғым. Сондықтан ата-аналар мен балалардың құқықтық сауатын арттыру, әлеуметтік мәселелерін дер кезінде шешу және қажетті қолдау көрсету маңызды. Бұл қабылдау азаматтардың өзекті мәселелерін бір алаңда талқылап, тиісті мамандардан нақты кеңес алуына мүмкіндік берді.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале