Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облыс тұрғындарымен кездесті.

Фото: Мәди Салық
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетов, Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Н. Сериков, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Темірлан Абдыкулов және басқа да мемлекеттік құрылымдардың басшылары мен өкілдері, су шаруашылығы ұйымдары мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.

Министр Н. Нұржігітов ведомство жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды.
Құрылғанына үш жыл болған министрлік үш бағыт бойынша жұмыс атқарады. Біріншісі — жаңа нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, екіншісі — 2024 жылы бекітілген кешенді жоспарға сәйкес жұмыс істеу, үшіншісі — трансшекаралық келіссөздер жүргізу.

Мысалы, Қазақстанның су ресурстарының шамамен 45 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы шет мемлекеттерден ағып келеді. Ал өңірдің ауыл шаруашылығы мен өзен-көлдерін суландыруға қажетті ағын судың 80 пайызға жуығы Ресейден алынады. Министрлік сала мамандарын даярлау мәселесін де күн тәртібінен түсірмеген.
Кездесу барысында Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Б. Тасболатов пен «Қазсушар» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Р. Хусаинов кәсіпорындарда атқарылып жатқан жұмысты баяндады.

Бұл кездесу негізінен сұрақ-жауап сипатында өтті. Тұрғындар министрге су мен ирригация мәселесіне қатысты түрлі сұрақтар қойды. Мәселен, Азынабай-Тайпақ каналына қашан су келетінін сұрап, Шалқар көлінің тартылып бара жатқанын айтып, мәселе көтерді. Жер асты суларын зеттеу жөнінде ұсыныс та айтылды.
Екі сағатқа созылған жиын соңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нұржігітов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz