Ғылыми-практикалық конференцияның тағы бір маңызды бағыты Жайық өңірінің тарихи мұрасын халықаралық ғылыми ортада таныту болды.

Фото: Мәди Салық
Алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр. Оған Қазақстан ғалымдарымен қатар көршілес мемлекеттердің тарихшылары, археологтары мен мәдениет саласының мамандарын шақыру көзделуде. Мұндай ғылыми басқосулар Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулерді тереңдетіп қана қоймай, Жайық өңірінің тарихи мұрасын халықаралық деңгейде танытуға жол ашады.
Конференция соңында қатысушылар пікір алмасып, тарихи мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Жайық жағасындағы бұл басқосу бір шындықты тағы бір мәрте аңғартты: тарих – өткен күннің ғана шежіресі емес, бүгінгі ұлттық сананың іргетасы.

Ал Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірінің Жайық өңірінде қалған тарихи іздерін зерделеу – ел тарихының ақтаңдақтарын толықтырумен бірге, Ұлы Дала өркениетінің сабақтастығын келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы. Тарихымыз түгенделіп, тарихи мұрамыз ұрпақ игілігіне қызмет етсе, Ұлы Даланың ұлы шежіресі де өз жалғасын таба бермек.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz