«Skyway» және «beSTAR» компаниясының өкілдері Перизат Мұсағалиева мен Фархат Азимов Қазталов ауданына келіп, мекеме, ұйым басшылары және қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиынға аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының кәсіпкерлік және сауда бөлімінің басшысы Бауыржан Сатқалиев, аудан әкімі орынбасарлары қатысты.
-«ЭКСПО-2017» көрмесі – Тәуелсіз Қазақстанның ең көлемді жобасы. Халықаралық көрмеге 115 мемлекет, 18 халықаралық ұйым қатысады. Көрмеге екі миллион адам келеді деген болжам бар. Келушілердің жалпы саны 5 миллион адамды құрайтын болады. «ЭКСПО-2017» көрмесі кешенінің жалпы алаңы 175 гектарды құрайды, мұнда 35 нысан салу жоспарланып отыр. Кешен сфера тәріздес салынған. Сфераның сегіз деңгейінде келушілер энергетика саласында – ғарыш, күн мен жел, биомассалар, су және кинетикалық энергиялармен танысады.
Біздің компания 3 турпакет ұсынады. Яғни, «Көрермен», «Делегат» және «Оқушы» пакеттері. Әр пакетте өзіндік суммасы мен қызметтері бар. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерге, барлық топтағы мүгедектерге, жетім балалар, мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, көп балалы ата-аналарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған, -деді Перизат Мұсағалиева.
Айта кетейік, ауданымыздан «ЭКСПО-2017» көрмесіне 1224 көрермен қатысады деп жоспарлануда. Көрме билеттерін «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен де сатып алуға болады.
Мөлдір ӘНУАРБЕК
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz