Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту туралы Жарлығын жүзеге асыру аясында Шыңғырлау ауданында басталған игі бастама өңір көлемінде жалғасын табуда.

«Мен оқыған 30 кітап» облыстық байқауының қорытындысы бойынша анықталған кітап оқу амбассадорларын марапаттау мақсатында Шыңғырлау ауданының делегациясы Қаратөбе ауданына арнайы сапармен барып, өскелең ұрпақты білім мен ізденіске баулып жүрген Шырын Нұрлыбекқызына арнайы төсбелгі мен куәлікті салтанатты түрде табыстады.
Жиын барысында ауданның білім беру бөлімінің басшысы Берік Гарапшаұлы, Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы Адақ Танабайұлы және ақын Самат Сергейұлы кітап оқудың өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан қалыптасуындағы маңызына тоқталды.

Сондай-ақ өскелең ұрпақ бойына білім мен кітапқа деген сүйіспеншілікті сіңірген жас амбассадордың ата-анасына аудан әкімінің алғысхаты табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, рухани құндылықтарды дәріптейтін бұл тағылымды шара алдағы уақытта облыстың барлық 12 ауданы мен Орал қаласында жалғасын табады.
Нұрғали Сабыров,
Шыңғырлау ауданы