Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облыс тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетов, Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Н. Серіков, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Т. Абдықұлов және тиісті сала мамандары, студенттер қатысты.

Сала мамандарына жұмыс көп
Министр Нұржан Нұржігітов алдымен ведомство жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. Құрылғанына үш жыл болған министрлік үш бағыт бойынша жұмыс атқарады. Біріншісі, жаңа нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру. Былтыр жаңа Су кодексі қолданысқа енді. Осы кодекстің талаптарын орындау үшін 127 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Екіншісі, 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарда бекітілген жұмысты атқару. 2030 жылға дейін елдегі ирригациялық жүйені қалпына келтіріп, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту қажет. Су қоймаларын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Үшіншісі, трансшекаралық келіссөздер жүргізу. Министрдің айтуынша, Қазақстанда су ресурстарының шамамен 45 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы шет мемлекеттерден ағып келеді. Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мен өзен-көлдерін суландыруға қажетті ағын судың 80%-ға жуығы Ресейден алынады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзен-көлге Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінен су келеді. Түркістан мен Қызылорда облыстарына Сырдария өзені арқылы судың 90%-ы шетелден жетеді.
– Батыс Қазақстан облысында жоспарға сәйкес жұмыс атқарылып жатыр. Киров – Шежін, Жәнібек магистральды каналдарына бардым. Деркөл өзенінде санация жүргізілуде. Барбастау өзенінде ертеректе болған кішігрім су қоймаларын қалпына келтіру мәселесін талқыладық. Мұның бәрі кешенді жоспарда тұр. Қаражат бар, алдағы екі-үш жылда аяқталады. Су саласындағы мәселелерді шешу орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы құрылымдардың, су шаруашылығы ұйымдарымен су пайдаланушылардың бірлескен іс-қимылын талап етеді. Өңірде іске асырылып жатқан жобалар суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге, оның ысырабын азайтуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімдірек суаруға және елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған.
Министрліктің алдына қойған мақсатының бірі – сала мамандарын даярлау, колледж, техникумдардың санын көбейту. Үш жыл бұрын су саласының мамандарын 9 ЖОО даярласа, бүгінгі күні 13 оқу орны оқытады. Соңғы екі жыл қатарынан су мамандарын даярлауға мың грант бөлінді. Жастар «Болашақ» бағдарламасы бойынша да оқи алады. Биыл төрт азамат шетелге оқуға түсті. Бүгіндері осы салада 11 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы – 326 мың теңге. Осы өңірдегі филиал қызметкерлерінің ең төменгі жалақы – 256 мың теңге. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін Сингапур, Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Израиль, Америка елдеріне оқуға жіберудеміз. Бұл саланың мамандығына оқып жатқан жастардың болашағы зор. Өйткені атқарылатын жұмыс ауқымды болғандықтан, оларға сұраныс та көп болады, – деді министр Нұржан Молдиярұлы.
Кездесу барысында Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Болат Тасболатов инспекцияның жұмысымен таныстырды. Бүгіндері Жайық – Каспий бассейндік су инспекциясы аумағының жалпы ауданы – 640,8 мың шаршы шақырым. Оның құрамындағы Батыс Қазақстан облысының аумағы – 165,8 мың шаршы шақырым. Биыл облысқа рұқсат етілген су пайдалану көлемі – 785 млн текше метр. Өткен алты айда 444620,1 мың текше метр су пайдаланылған. Ал өңірдегі ның жалпы жобалық сыйымдылығы – 660,3 млн текше метр. Бүгінгі таңда республикалық меншіктегі су қоймаларының толымдылығы 56,6% болса, коммуналдық меншіктегі су қоймаларының 57,4%-ы толған. Жыл басынан бері Жайық өзеніндегі су ағыны 5,76 млрд текше метрге жеткен. Биыл Ресей Федерациясы аумағындағы Еділ өзенінен 68,5 млн текше метр су жеткізуге шарт жасалды. Соның ішінде Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне – 42,2 млн м³, Жәнібек суару-суландыру жүйесіне – 26,3 млн м³. Сондай-ақ оңтүстік аудандардағы қалыпты экологиялық жағдайды сақтау мақсатында осы қос өзенге 34,8 млн м³ көлемінде су жеткізуге қосымша шарт жасалды.
«Қазсушар» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Рауан Құсайынов та кәсіпорында атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Облыс аумағында кәсіпорын теңгерімінде 110 гидротехникалық құрылым бар. Барбастау өзені бойындағы Покатилов, Ұзынкөл, Жаңаөмір, Кемер су қоймаларын реконструкциялау жоспарланып отыр. Сол үшін нысандар коммуналдық меншіктен республикалық меншікке табысталған. Жыл басынан бері Жайық – Көшім жүйесінен 491 млн текше метр су алынып, көлтабандар мен тұрақты суармалы жерлерге берілген. Бүгінде Жәнібек және Жайықбай каналдары жаңғыртылып жатыр.
Екі сағатқа созылған жиын соңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нұржігітов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жайықтағы тоғай «жалаңаштануда»
Дархан Сариев, эколог, «Батыс Қазақстан эколог-географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Жайық өзені бойындағы жасыл желекті сақтаудың қандай жолы бар? Себебі өзен жайылмаларына су бармаса, орман қурап қалады. Ыссы күндері кішкенттай ғана от ұшқынынан өрт шығады. Бүгіндері ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді мүлде басқа ағаштар өздігінен өсіп жатыр. Яғни жергілікті флора өзгеруде. Біз осы жерге тән ағаштарды сақтауымыз қажет. Жуырда РФ Орынборда өткен отырыста 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені алабының экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі қазақстандық-ресейлік ынтымақтастық бағдарламасы талқыланған. Бұл бағдарлама қолданыста бар ма?
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Бұл айтқандарыңызды ұсыныс ретінде қабылдауға болады. 2023 жылы Жайық өзенінің бассейнін сақтау, су деңгейін қалпына келтіру және экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жоспар дайындалды. 2024 жылы Ресейде Ертіс өзеніне қатысты жоспар жасалды. Бүгіндері екі ел осы жоспарлар бойынша Жайық өзені арқылы Қазақстанға су жеткізуді ғылыми тұрғыда зерттеп жатыр. Бұл жұмыс 2028 жылы аяқталады. Біз Қазақстанда әр салада су үнемдеуге ден қоюымыз қажет. Су кодексінде шаруашылықтарға арнайы рұқсат қағазсыз тек көктемде ағатын еріген қар суын жинауға рұқсат берілді. Жиналатын судың жалпы көлемі 2 миллион текше метрден аспауы тиіс. Шаруашылық су қоймасын салғаннан кейін бұл туралы бассейндік су инспекциясына міндетті түрде хабарлап, нысанды есепке тұрғызуы шарт. Сондай-ақ мұндай гидротехникалық құрылымдар өзендермен немесе көлдермен тікелей байланыспауы керек, қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмеуі тиіс. Бұл жеңілдік су тапшылығы бар аймақтардағы шаруаларға көктемгі тасқын суды тиімді пайдалануға, жазғы қуаңшылықта егістік пен мал шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді.
Бауыржан Сабанов, фермер, Жәнібек ауданы:
– Облыстың оңтүстігіндегі Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданына ауыл шаруашылығына қажетті су Ресейден алынады. Ол үшін бекітілген бір текше метрдің тарифі – ҚҚС-пен есептегенде 70 теңге. Біз екпе шөп өсіреміз. Осы тарифті өзгертуді сұраймыз. Теңдестіру қажет. Ауыз су да арнайы кестемен беріледі. Судың қадірін өте жақсы білеміз. Бірақ мал шаруашылығын көтеру үшін қолдау қажет. Сонымен қатар Жәнібек каналының арнасын бетон плиталармен бекіту жөнінде жоба бар ма? Себебі ондағы судың 47 пайызы жер астына кетеді. Ал ол су жердегі тұзды көтереді.
Рауан Құсайынов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары:
– Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай тариф қолданылады. Жәнібек су жүйесінде су арнайы сорғы стансалары арқылы беріледі. Оған механикалық су беру тарифі қолданылады, яғни ҚҚС-сыз 72 теңге. Ал каналдармен, табиғи ағыспен берілетін суға өзіндік ағыс тарифі қолданылады. Ол 1 теңге 56 тиын. Тарифтер су беру тәсіліне қарай есептеледі.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Шаруаларға судың бағасын арзандату үшін субсидия беріледі. Ол үшін фермер суды жеткізу қызметін көрсететін ресми мекемемен, мысалы, «Қазсушар» РМК немесе жергілікті су шаруашылығы ұйымдарымен ресми келісімшартқа отырады. Мемлекет фермерлерге жеткізілген судың тарифтік құнын 85%-ға дейін субсидиялайды. Су үнемдеу технологияларына басымдық беріледі. Субсидияның ең жоғары мөлшерін, яғни 85%-ын тек тамшылатып суару немесе жаңбырлатып суару жүйелерін орнатқан шаруалар алады. Сіздің тарифке қатысты сұрағыңызды тиісті департаментпен талқылап, жауап береміз. Егер мамандар канал арнасын бекіту қажет деп шешім шығарса, бұл жұмыс та істеледі.
Жаннат Танабаева, Орал қаласы:
– Бір кездері Шалқар көлі «батыстың іншу-маржаны» деп аталған. Қазір көл бұл атаудан ажырап бара жатыр.Кісі бойындай жайындар болды. Суы шипалы еді. Осыдан он бес жылдай бұрын Сарыөмір ауылында жер сілкінісі болғанда көлдің суы тартылып кетті. Тұрғындардың атынан осы көлдің қазіргі ахуалын жеткізгім келеді. Осы көлді сақтап қалу жөнінде облыс басшылығына ұсыныс берсеңіз деймін.
Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:
– Бұл мәселе бірнеше жыл бұрын көтерілді. Жайық – Шалқар суару-суландыру жүйесін реконструкциялау жобасы дайындалды. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Биыл жобаның дайындалып жатқанына екінші жыл. Келесі жылы аяқталады. Сол кезде Жайықтың суы Шалқар көлінің деңгейін көтеруге бағытталады.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Облыс тұрғындары бір нәрсені түсінуі керек. Жайық өзені Атырау облысына жеткенше жолдағы үш-төрт аудан ауыз су алады. Одан әрі Атырау қаласына кіріп, Каспий теңізіне құйылады. Бүгіндері министрлік барлық бассейн бойынша он бес жылдық жоспар дайындап жатыр. Әр өңірге лимит бекітіледі. Соған сай су бөлінеді. Өзеннің басында отырған елді мекендер есепсіз пайдалана алмайды. Себебі төменгі жақта экологиялық проблема басталады.
Болатжан Жұрмұхамбетов, экобелсенді:
– Көп жылдан бері Жайық өзенінің арнасын қазып жатыр. Яғни өзеннің арнасын бұзуда. Көктемгі су тасқыны кезінде бұл қандай жағдайға соқтыратынын ешкім ойлап жатқан жоқ. Бұлай өзен арнасын қазуға ешкімнің қақысы жоқ. Бірақ тиісті мекемелер ешқандай шара қолданбай отыр.
Нұржан Мақсотов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Менің білуімше, сіз бұл мәселені жыл басынан бері көтеріп келе жатсыз. Мәселе сотта да қаралды. Қаладағы «Металлист» ауданындағыны айтып отырсаңыз, ол жерде тиісті лицензиясы бар серіктестік жұмыс істейді.
Е-өтініш платформасы арқылы шағымдануға болады.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Мәселе рұқсат қағаздың бар-жоғында емес. Өзеннің арнасынан құм әлде басқа материалды қазып алып жатқанын айтып отыр. Бұл тек Батыс Қазақстанда емес, елдегі барлық өзен аумағында жиі кездеседі. Министрлік мәселені көтеріп жүр. Бір жүйеге түсіргіміз келеді. Құрылыс материалы қажет болғандықтан, тыйым сала алмаймыз. Құм қажет. Бірақ мұны өзен-көл зиян шекпейтіндей заңдастыру қажет.
Берік Қошанов, «Арғымақ» ШҚ жетекшісі, Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылы:
– «Азынабай – Тайпақ» суару-суландыру жүйесі жаңғыртыла ма? Каналға су келе ме? Мәселенің айтылып келе жатқанына отыз жылдан асты. Су болмағандықтан, тұрғындар көшіп кетуде. Жайықтан су ішетін мал өзен бойындағы азғантай теректі жеп жатыр. Тоғайдың «жалаңаштанып» қалуы жақын.
Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:
– «Азынабай – Тайпақ» суландыру жүйесін қалпына келтіру үшін үш жоба жасалды. Мердігер анықталған соң, жұмыс басталды. Бірақ бірінші жобада жоспар дұрыс болмай, түзетуге жіберілді. Осылайша қалған жобалардан екі жылға кеш қалып қойды. Келесі жылы күзге қарай каналға су жіберіледі.
Ербол Салықов, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Қазақстанда жерасты сулары зерттеліп жатыр ма?
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Министрлік құрылған жылы Мемлекет басшысы Ұлттық гидрогеология қызметін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Бүгінде бұл қызмет еліміздегі жерасты су ресурстарын іздеу, зерттеу, қорғау және оларды тиімді пайдалануды бақылаумен айналысады. Ауыз су тапшы аймақтарда жаңа жерасты су кен орындарын іздеп табады. Елде гидрогеология қызметінің филиалдары Алматы, Шымкент және Қызылорда облыстарында бар.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»