29.09.2026, 17:45
Оқылды: 6

Елордада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің XV Халықаралық конференциясы өтеді

2026 жылғы 29–30 қазанда Астанада «Мектеп және адами әлеует: сапалы білім және тең мүмкіндіктер» тақырыбында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының XV Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

WhatsApp Image 2026-09-29 at 18.11.42

Дәстүрлі кәсіби алаңға биыл 20 елден 2 000-ға жуық қатысушы жиналады. Олардың қатарында педагогтер, зерттеушілер, білім беру ұйымдарының басшылары, мемлекеттік органдар өкілдері мен шетелдік сарапшылар бар.

Конференцияның халықаралық спикерлері – білім берудегі өзгерістер мен мектеп көшбасшылығын зерттеуші Энди Харгривз (Канада), білім экономикасының маманы Гарри Энтони Патринос (АҚШ), суретші әрі педагог, Global Teacher Prize 2026 сыйлығының иегері Рубл Наги (Үндістан), нейроғалым Кэтри Саарикиви (Финляндия), білім беру саласындағы сарапшы Саймон Лайтман (БАӘ), білім беру саясаты жөніндегі сарапшы Эстер Саламон (Нидерланд) және басқа да әлемдік деңгейдегі мамандар.

WhatsApp Image 2026-09-29 at 18.11.43

Конференция бағдарламасы да ауқымды: пленарлық баяндамалар, панельдік пікірталастар, практикалық шеберлік сабақтары мен воркшоптар, дөңгелек үстелдер, Ignite Talks, сондай-ақ қазақстандық педагогтердің озық тәжірибелері ұсынылады. 9 тақырыптық бағытты қамтитын 36 параллель сессияда қазіргі білім берудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланады.

Сондай-ақ зерттеу постерлері көрмесінде практик-мұғалімдердің 120-ға жуық жұмысы таныстырылады. Ал «NIS Korme» арнайы көрме кеңістігінде қатысушылар білім беру бастамаларымен, баспа жобаларымен және цифрлық технологиялармен таныса алады.

WhatsApp Image 2026-09-29 at 18.11.43 (1)

Биылғы кәсіби пікірталастың өзегінде болашақ мұғалімі, цифрлық құзыреттер, мектеп трансформациясы, оқушылардың әл-ауқаты, білім беруде деректерді тиімді пайдалану, оқыту сапасы мен тең білім беру мүмкіндіктері секілді маңызды тақырыптар бар.

Жылдар өте NIS Conference Қазақстан мен Орталық Азиядағы білім саласының өзекті мәселелері талқыланатын ірі кәсіби алаңдардың біріне айналды. Конференция педагогтерге әлемдік тәжірибемен танысып қана қоймай, өз идеяларын ортаға салып, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2026-09-29 at 18.11.42 (1)

Әр қатысушыға атаулы онлайн-сертификат беріледі.

29–30 қазан 2026 жыл
Астана, «Конгресс орталығы»
Тіркелу және билеттер: conf.nis.edu.kz

Педагогтерді, білім беру ұйымдарының басшылары мен білім саласының өкілдерін конференция алаңында бас қосуға шақырамыз.

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері»

ДББҰ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале