Бөрлі ауданындағы білім беру жүйесінде қазір 1500-ге жуық педагог еңбек етеді. Оның 1000-нан астамы жалпы білім беретін мектептерде, 70-ке жуығы мектептен тыс ұйымдарда, 280-дей педагог бөбекжайларда қызмет атқарады. Білім саласы мамандарының 1230-ға жуығы жоғары білімді болса, 57-сі магистр дәрежесіне ие.

Педагогтердің 38,15 пайызы «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы» біліктілік санаттарын иеленген. Кәсіби дамуға бағытталған жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Соңғы кезеңде 378 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, 48 мектеп басшысы мен директордың орынбасары басқару курстарында білімін жетілдірді. Бұл – педагог кадрлардың жаңа талаптарға бейімделіп, білім беру үдерісіне заманауи әдістерді енгізуге ұмтылысының көрінісі. Мұғалімнің кәсіби деңгейі оның күнделікті жұмысымен қатар, түрлі байқаулар мен кәсіби алаңдардағы нәтижелерінен де байқалады. Жыл ішінде ауданның 18 педагогі республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болса, 58 педагог облыстық сайыстарда жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда аудан педагогтері өз шеберліктерін танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Анар Иргалиева «Үздік педагог-2025» байқауына қатысып, аудан намысын қорғады. Ал «Үздік жыл психологі – 2026» кәсіби сайысында мектептен тыс жұмыс орталығының педагог-психологі Әсел Талблимова мен Ақсай қаласының №6 мл педагог-психологі Гүлдерайым Борамбаева III дәрежелі дипломмен марапатталды. Педагогтердің әр бағыттағы ізденісі түрлі кәсіби додаларда жалғасын тауып, пәндік шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік берді. Ақсай қаласының №4 ЖОББМ физика пәні мұғалімі Айгерім Темірбаева «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында грамотаға ие болса, №6 мл математика пәні мұғалімі Кенжеқыз Аязбаева «Математикалық прогрессия» байқауында III орын алды.

Жекелеген пәндер бойынша білімін терең меңгерген ұстаздар «Олимп шыңы» сайысында да нәтижелі өнер көрсетті. Атап айтқанда, Ақсай қаласының №6 мл химия пәні мұғалімі Закура Мырзағалиева, №1 ЖОББМ қазақ тілі пәні мұғалімі Лаура Нұрышева, №4 ЖОББМ мұғалімі Алтын Кулакова және №6 мл мұғалімі Нұрбала Утепова I орын иеленді. Ал №4 ЖОББМ мұғалімі Ақгүл Каирова II орынға ие болды.

Қосымша білім беру саласының өкілдері де өз бағыттарында жоғары нәтижелер көрсетті. Жас туристер станциясының педагогі Карим Неталиев спорттық туризмнен Әлем кубогында II орын алып, тау туризмі бойынша жарыста I орынға ие болды. Балалар өнер мектебінің педагогтері де республикалық байқауларда жүлдегер атанды. Анар Туртбаева «Әдістемелік вернисаж» байқауында I орын, Ирина Гаппазова III орын, Ерболат Тұрғалиев «Туған өлкемнің сиқырлы әлемі» байқауында II орын, Александр Бабичев пен Дария Махатова «Музыка әлемінде» байқауында сәйкесінше II және III орындарды иеленді.
Ұстаз еңбегінің мәні тек жүлдемен өлшенбейді. Жинақталған тәжірибені әріптестермен бөлісу, жаңа әдістерді ортаға салу да білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Осы бағытта ауданның 9 педагогі республикалық және халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысып, өз жұмыстарын таныстырды. Пугачев МББК педагог-психологі Ақмарал Нұрғалиева Астанада өткен халықаралық конференцияда инклюзивті сыныптағы білім алушылардың жеке білім беру траекториясын құру мәселесін таныстырды. Ақсай қаласының №5 ЖОББМ география пәні мұғалімі Аққу Туысова «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар» атты халықаралық конференцияда тәжірибесімен бөлісті. Ақсай қаласының №7 ЖОББМ биология пәні мұғалімі Лира Тұсырғалиева мен Пугачев МББК биология және география пәндерінің мұғалімі Мария Серік функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллектіні оқытуға енгізу мәселелерін қамтыған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Ақсай қаласының №4 ЖОББМ информатика пәні мұғалімі Гүлдана Набек «Жасанды интеллект: білім берудегі жаңа мүмкіндіктер мен тиімді тәжірибе» атты республикалық форумда баяндама жасады. Гүлдана Маманова дене шынықтыру сабағындағы инклюзивті оқыту әдістеріне арналған конференцияда өз жұмысын таныстырды. Ал білім беру бөлімі әдіскері Таутекова Ақсамал Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қолдауымен өткен республикалық семинарда 4-сыныптың «Еңбекке баулу» пәні бойынша оқу бағдарламасының мазмұнын таныстырды.

Педагогтердің озық жұмыстарын облыс көлемінде таратуға да ерекше мән берілуде. 44 педагог облыстық деңгейде өз жұмыстарын таныстырса, 56 маманның тәжірибесі облыс көлемінде таратылды. Шығармашылық бағыттағы еңбектің бір мысалы – Балалар өнер мектебінің педагогі Людмила Калaшникoва. Ол «Декоративно-прикладное искусство» атты әдістемелік құралын жарыққа шығарып, авторлық тәжірибесін республика деңгейінде таныстырды. Педагогтердің кәсіби белсенділігі ауданның ортақ жетістіктеріне де өз әсерін тигізуде. Бөрлі ауданы жыл сайынғы облыстық экологиялық-биологиялық іс-шаралар қорытындысында I орынға ие болды. Бұл нәтиже білім алушылардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Білім беру саласындағы еңбектің бағасы педагогтердің кәсіби шеберлігін қолдауға бағытталған бастамалардан да көрінеді. Бөрлі аудандық білім беру бөлімі педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға қосқан үлесі үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды. Аталған нәтижелердің әрқайсысының артында шәкіртке деген жауапкершілік, мамандыққа деген адалдық және күнделікті маңдай тер бар. Ұстаздық – бір сәттік нәтижеге емес, ұрпақ болашағына бағытталған үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Бүгінгі педагог – білім беруші ғана емес, оқушыны ізденуге, ойлануға, жаңалықты қабылдауға жетелейтін тұлға. Оның кәсіби ұстанымы мен еңбегі шәкірттің жетістігі арқылы жалғасып, білім беру жүйесінің дамуына қызмет етеді.
Анаргүл Кушербаева
Бөрлі ауданы