30.09.2026, 15:45
Оқылды: 14

«90 жыл – 90 домбыра»: Шыңғырлау мектебінде ұлттық өнер ұлықталды

Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінің 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген шара.

 image-30-09-26-12-40 (3)

Қазақтың қос ішекті домбырасынан төгілген күй ұлттың өткені мен бүгінін сабақтастырған, ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра. Күй арқылы халқымыздың тарихы мен тағдыры, қуанышы мен мұңы, арман-мұраты мен өр рухы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ұлттық өнерді ұлықтап, домбыраның қадір-қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіру елдік мұраттың бір парасы.

Осы мақсатты мектептің мерейлі тарихымен яғни Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінде білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай «Күй күмбірі» атты ауқымды челлендж ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді дәріптеп, атадан балаға аманат болған домбыраның құдіретін сезіндіруді көздеген тағылымды шараға ұстаздар мен оқушылардан құралған 90 адам қатысып, бір мезетте күй күмбірін көкке әуелетті.

image-30-09-26-12-40 (2)

90 жыл – 90 домбыра, 90 жүрек, бір рух! Бұл жай ғана мерейтойлық шараның ұраны емес, бірнеше буынның тағылымды тарихын, ұстаздар еңбегі мен шәкірттер жетістігін, ұлттық құндылықтарға деген ортақ құрметті тоғыстырған ерекше бастама.

Мектептің мерейтойына арналған челленджде ұстаздар мен оқушылар ұлттық өнердің ұрпақтар сабақтастығындағы орнын айшықтады. Бірі талай шәкіртке білім мен тәрбие берген тәжірибелі ұстаз болса, енді бірі өнерге құштар жас өрен. Оларды ортақ мақсат пен домбыраға деген құрмет біріктірді. Қос ішектен төгілген күй әуені мектеп қабырғасында білім алған талай ұрпақтың рухани байланысын бейнелегендей әсер қалдырды.

image-30-09-26-12-40 (1)

Мектеп директоры Светлана Тайпақова мерейтой аясында ұйымдастырылған шараның тәрбиелік әрі тағылымдық маңызына тоқталып, оның білім ордасының бай тарихымен үндесетінін атап өтті.

– Биыл мектебіміздің іргетасы қаланғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – бір ғана білім ордасының мерейтойы емес, осында еңбек еткен ұстаздардың, білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан мыңдаған түлектің ортақ қуанышы. Тоғыз онжылдықтың өнегелі жолында мектебіміз талай ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, елге қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Бүгінгі «Күй күмбірі» челленджі де осы тарихымызбен, ұлттық болмысымызбен тығыз байланысып жатыр. Домбыра халқымыздың жаны, тарихы мен рухының шежіресі. Біз жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, туған халқының өнері мен мәдениетін құрметтеуге баулуды басты міндетіміздің бірі санаймыз. 90 жылдық мерейтойымызға орай 90 ұстаз бен оқушының бір арнада тоғысып, домбырамен күй орындауы бірлігіміздің көрінісі, – деді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған бұл бастама мектеп ұжымының шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, оқушылардың бойында туған елдің мәдени мұрасына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға жол ашты. Өйткені күй тыңдаушының жүрегіне жол тауып, сөзбен жеткізу қиын сезімді әуенмен өрнектейтін өнер. Ал домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір сазда халқымыздың өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен рухани құндылықтары жатыр.

Тоқсан жылдық тарихы бар білім ордасының бүгінгі ұрпағы осындай игі бастамалар арқылы өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар түзеді. «Күй күмбірі» челленджі де мектеп шежіресіне ұлттық рухты асқақтатқан, ұстаз бен шәкіртті ортақ өнер төңірегіне топтастырған жарқын сәт ретінде енбек.

image-30-09-26-12-40

90 жылдық тарих ұрпаққа аманат болған өнеге. Ал домбыраның күмбірі сол өнегені ұлттың рухани мұрасымен жалғаған мәңгілік үн.

 

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале