Бөкей ордасы ауданына – 225 жыл
1826 жылдан бастап Жәңгір хан салдырған хан сарай отырықшы өмір салтына көшу кезеңіндегі маңызды құрылыс болды. Деректерде оның 23 бөлмеден тұрғаны айтылады; 1828 жылы хан бір бөлмеде тарихи және әулеттік құнды қару-жарақ пен заттар жинағын ұйымдастырған.

Хан сарайының сақталған шығыс қанатында кейін Уақытша кеңес кеңсесі, балалар үйі, механизаторлар мектебі және жатақхана орналасты. 1988 жылы музей қарамағына берілді. 2004–2010 жылдары сарайдың жоғалған ортаңғы және батыс бөліктері қайта жаңғыртылды. 2018 жылы ғимарат республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді.

2002 жылы хан сарайының сақталған шығыс бөлігінде «Хан сарайының қару-жарақ палатасы» музейі ашылды, 2015 жылы сарайдың қайта жаңғыртылған орталық бөлігінде хан үйінің тарихи интерьерін таныстыратын экспозиция жасақталды. 2019 жылдан бастап кешен Хан Ордасы музей-қорығының құрамына кіреді.

Қару-жарақ палатасында кіріспе және төрт экспозициялық зал бар. Сарай экспозициясында үлкен зал, сурет галереясы, Жәңгір ханның кабинеті, кеңсе, Фатима ханшаның жатын бөлмесі, билер кеңесінің және қонақ қабылдау бөлмелері бейнеленген. Қару-жарақ палатасындағы әр экспонат – түрлі қылыш-пышақтар, дулыға мен сауыттар, ат әбзелі – барлығы да өнер туындылары.
Ақпаратты Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінен
алынған дерек бойынша дайындаған Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
