«Даму» қорының БҚО бойынша өңірлік филиалы жергілікті журналистерге мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындарға баспасөз турын өткізді. БАҚ өкілдері өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалармен де танысты.

Бірі темір жонып, бірі қонақ күтеді
Алдымен бас тіреп барған кәсіпорнымыз «GAZSNABOIL» ЖШС-ның өндіріс базасы болды. Онда жұмысшылардың бірі темір кесіп, бірі дәнекерлеп жатқандықтан, шыңылдаған, ызыңдаған дыбыстан құлақ тұнады. Көкшіл түтін мен лапылдаған ұшқындар қызу еңбек тынысын аңғартады. 2020 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі бағыттарының бірі – ауамен салқындату аппараттарын, яғни газ тәріздес, сұйық және бу-сұйықтық орталарды салқындату мен конденсациялауға арналған жылу алмасу жабдықтарын, құрамдас бөлшектерін өндіру. Компанияның өнімдері мұнай-газ өндіру, өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
Биыл ақпанда кәсіпорын айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы ауқымында «Нұрбанк» АҚ-дан несие алды. Компанияға «Даму» қоры кепілдік берді.

– Алынған қаражат кәсіпорынның жұмысын тоқтатпас үшін жабдықтар сатып алуға жұмсалды. Біз сатып алу байқауларына қатысамыз. Бізге қарастырылған 30 пайыздық алдын ала төлем көлемі өндіріс шығынын өтеуге жетпейді. Сондықтан «Даму» қорының көмегіне жүгінеміз. Бүгіндері өндіріс базасын жалға алып отырмыз. Енді сатып алатын жаңа ғимарат тауып қойдық. Кәсіпкерлікті қолдау қорынан осы мақсатта тағы да қаражат сұрамақпыз. Өндіріс саласында ASME стандарты бар. Ол – машина жасау мен өнеркәсіптік жабдықтар өндірісінде бүкіл әлем бойынша қолданылатын халықаралық техникалық стандарттар жиынтығы. Оның лицензиясын алудың өзі 200 мың доллар тұрады. Бірақ талаптары өте жоғары. Басты шарттарының бірі – кәсіпорынның жеке базасы болуы тиіс. Жаңа ғимарат сатып алған соң, халықаралық сертификат алуға ақырындап қадам жасаймыз. Өндіріс орнын кеңейтпекпіз. Сол кезде жұмыс орны да көбейеді. Қазіргі кезде 25-30 адам жұмыс істейді. Кейінгі жылдары өнімге сұраныс артып келеді, – деді «GAZSNABOIL» ЖШС директоры Марат Қабиев (суретте).
Кәсіпорынның өндіріс бойынша директоры Низами Алиевтің айтуынша, бір жылда орташа алғанда 100-120 жабдық шығарылған. Мұнда шикізаттың 98%-ы ел аумағынан сатып алынады. Жүз пайыз қазақстандық өнім жасайды. Серіктестіктің өнімдеріне Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай өңдеу зауыты, «Жайықмұнай» ЖШС, Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттырынан сұраныс көп түседі екен.

Тілшілер танысқан екінші нысан – «WEST OIL Инжинирингтік компаниясы» ЖШС. Орал қаласында орналасқан кәсіпорын қазақстандық нарыққа 2001 жылы шыққан. Мұнда ерекше көзге түскені – түрлі заманауи құрылғылар. Аутоматты жабдықтардың бірі темірді жонып, кесіп жатса, бірі түрлі темір пішіндер дайындайды.

– Кәсіпорын мұнай мен газды есепке алу жүйелерін, аутоматтандырылған газ реттеу қондырғыларын, бақылауөлшеу құралдарын, SCADA жүйелерін, құбыр арматурасын және басқа жабдықтар жасайды. Компания инженерлік жүйелерді жобалауға, сервистік қызмет көрсетуге маманданған. Зауытта 105 адам жұмыс істейді. Цехтың аумағы 1500 шаршы метрден асады. Қазақстандық компаниялардың тапсырыстарын қабылдаймыз. Енді Өзбекстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. «Даму» қоры арқылы алған жеңілдетілген несие қаражатына білдектер, екі аутокөлік сатып алдық. Бұл жабдықтар өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс барысын жеделдетті. Біз жаңа цех салдық. Қазақстан нарығындағы тапсырыстарға деген сұранысты арттыру мақсатында жаңа жабдықтар сатып алуды қарастырудамыз. Кейбір мамандарымыз Америка елдеріне оқуға барып, білім жетілдіріп келеді, – деді «WEST OIL Инжинирингтік компаниясы» ЖШС директордың өндіріс бойынша орынбасары Дмитрий Щурихин (суретте).
Компания шығаратын жабдықтар ISO 9001, API, ГОСТ және ASME стандарттарына сай. 2025 жылы кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы аясында инвестициялық және айналым қаражатын толықтыруға арналған қаржыландыруды алған.

Баспасөз турында танысқан үшінші нысан – Абай даңғылында орналасқан «West Plaza» қонақ-үйі. 2022 жылы құрылған «West Plaza» ЖШС қызметінің негізгі бағыты – қонақүй бизнесі және қонақтарды орналастыру бойынша қызмет көрсету.

– Біздің мақсатымыз – қалаға іскерлік мақсатта келетін қонақтарға да, туристерге де қолайлы заманауи қонақүй кешенін құру. 2023 жылы «Даму» қоры арқылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дан қаражат алдық. Былтыр қор арқылы «Өрлеу» бағдарламасы аясында жеңілдетілген кредитке ие болдық. Қаражатты қонақүй кешенін қайта жаңарту мен жөндеуге, нөмірлерді жаңартуға, жиһаздар мен заманауи жабдықтарды сатып алуға жұмсадық. Қонақүй кешенінде түрлі санаттағы 51 нөмір бар. Оның ішінде панорамалық терезелері бар «Люкс» және «Премиум» нөмірлері жабдықталды. Екі конференц-зал, мейрамхана жұмыс істейді. Бизнесті дамыту үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларының маңызы зор деп есептеймін. Банкпен және «Даму» қорымен өзара тиімді іс-қимылдың арқасында біз тек қаржы тартып қоймай, қонақүй бизнесінің жаңа мүмкіндіктерін аштық, – деді «West Plaza» ЖШС директоры Айсұлу Ерғалиева (төмендегі суретте). Бүгіндері мұнда 44 адам жұмыс істейді.
Кәсіпкерге кепілдік беріледі
Баспасөз туры барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ АФ директоры Тарас Шалыга қордың қызметімен, мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды.
«Даму» қоры – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы және Қазақстандағы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі институттарының бірі. Бүгіндері қор кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың үш негізгі құралын ұсынады. Олар – пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау, кепілдік жеткіліксіз болғанда қарызға кепілдік беру және жеңілдетілген қаржыландыру.
«Іскер аймақ» – шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы. Ол ұсақ және шағын кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды. Бизнесті 200 млн теңгеге дейін қаржыландырады. Қаражат инвестициялық мақсаттарға да, айналым қаражатын толықтыруға да бағытталуы мүмкін. Субсидиялау мөлшері номиналды мөлшерлеменің 40%-ын құрайды. Бұл ретте кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме 12,6%-дан төмен болмауға тиіс. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін 50%-ы субсидияланады.

– Бағдарламаның маңызды ерекшелігі – оның өңірлерге бағытталғаны. Бұл Батыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды. Себебі өңірде шағын бизнесті, қайта өңдеу, өндіріс пен қызмет көрсету салаларын, аудандардағы кәсіпкерлікті дамытудың әлеуеті айтарлықтай жоғары. Тамыз айында облыста «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілетін экономикалық қызмет түрлерінің қосымша тізбесі бекітілді. Бұл мемлекеттік қолдауды пайдалана алатын кәсіпкерлердің қатарын кеңейтуге, жаңа жобаларды іске асыруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, – деді Тарас Ярославович (суретте).
«Өрлеу» бағдарламасы инвестициялық мақсаттарға, сондай-ақ бұрын алынған қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Кәсіпкерлар инвестициялық жобаларды 7 млрд теңгеге дейін, жылдық 12,6%-дан аспайтын мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыра алады. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған бизнесті жаңғыртуға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларға ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, өндірісті кеңейтуге, заманауи жабдықтар сатып алуға және бизнестің өнімділігін арттыруға болады.

Үшінші маңызды бағыт – кепілдік беру. Кәсіпкерлерге жиі кезігетін негізгі кедергілердің бірі кепілдіктің жеткіліксіздігі екені рас. Сондықтан «Даму» қоры жеке қаражаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге кепілдіктер ұсынады. Жекелеген бағыттар бойынша кепілдік мөлшері кредит сомасының 85%-ына дейін жетуі мүмкін.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ӨФ директоры Тарас Шалыга қор қаржылай көмектен бөлек, қолдау шараларын да дамытып жатқанын айтты. Олардың қатарында кәсіпкерлерді оқыту, маркетплейстер, франшизаларды ілгерілету және мобильді фронт-офистердің қызметі бар. Мәселен, қор мамандары аудан-ауылдарға барып, кәсіпкерлерге қолданыстағы бағдарламалар туралы ақпарат ұсынып, мемлекеттік қолдау алу мүмкіндіктерін түсіндіреді. Жоба іске қосылғаннан бері облыстағы мобильді фронт-офис 12 ауданға барып, 300-ден астам кәсіпкерге кеңес берген. Ал өткен 9 айда өңірде «Даму» қорының құралдары аясында 200-ден астам жоба қолдау тапқан. Берілген кредит сомасы – 44 млрд теңге.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»
