Орал қаласындағы «Green Park» демалыс орталығында Мұғалімдер күніне орай «Мұғалім Talks» кейс-платформасы бағытында тимбилдинг өтті. Іс-шараны «Әділет» партиясы БҚО филиалы ұйымдастырды. Оған облыстағы білім беру мекемелерінің басшылары, республикалық, облыстық деңгейде жетістігі бар белсенді мұғалімдер қатысты.

«Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрғанның сөзінше, іс-шара мақсаты – мұғалімдерді қолдау, олардың көңілін сейілту және облыс әкімдігінің қызметкерлерімен, партия мүшелерімен еркін сипатта кездесіп, оқу бағдарламасы туралы өзара пікір алмасу. Тағылымды іс-шараға облыстың 12 ауданы мен шаһардан 100-ден аса педагог атсалысты.
Ең алдымен, мұғалімдер денелерін шынықтырып, «Жасылдар» мен «Қызылдар» деп екі құрамаға бөлініп, қызықты эстафета ойындарын ойнады. Ән мен спорт думан көрігін қыздырып, өңірдің түкпір-түкпірінен келген ұстаздарды жақын тануға септігін тигізді.
Казталов ауданы Ғ. Бегалиев атындағы мектептің директоры Гүлнәз Айтқалиева ісшараға мұрындық болған «Әділет» партиясына алғыс білдірді.
– Менің мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мұндай шараға бірінші рет қатысып отырмын. Табиғат аясында өтіп жатқаннан кейін көңіліміз көтеріңкі. Ауданнан төрт мектептің басшылары келдік.
Мұғалімнің мәртебесін арттырудан бөлек, мектеп көшбасшыларының басын қосу – ұстаздардың ұйымшылдығын арттырып, білім сапасының деңгейін көтеру мақсатындағы үлкен бастама деп білемін, – деді мектеп директоры Гүлнәз Зейінқызы.
Перизат Сариева,
«Орал өңірі»