12.04.2017, 14:45
Оқылды: 36

Жер жайын жеткізе жазған екен

Жасым ұлғайса да елдегі болып жатқан жаңалықтарды газет-журналдардан оқып, теледидардан тыңдап отырамын. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына көзім түсті. 

Мақалада Президент түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміздің  экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізінің  аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналғанын ашық айтқан екен. Мұның мысалы бізде де жеткілікті. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді» деген жолдары тіпті жүректің түкпірінде жатқан алаңдаушылықты тағы бір қозғағандай болды.

Өткен ғасырдың ортасында милиондаған гектар даланың аяусыз жыртылғанын, осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы екенін көзіміз көрді. «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деген Елбасы сөзін өз басым кез-келген  Қазақстан азаматына айтылған өсиет деп есептеймін.

Арон Жұбанышев

еңбек ардагері

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале